Ата-аналар "Ақтөбе” ФК жарыс үшін 120-180 мың теңгеден жинататынын айтты

1 370

Фото: istockphoto.comЖас футболшылардың ата-аналары “Ақтөбе” ФК балаларының футболдан жарыстары үшін ақша жинайтынына шағымданды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Футболдан олимпиадалық спорт мектебінде оқитын және "Ақтөбе" ФК құрамындағы балалардың ата-аналары демалыс кезінде жарыс өткізілген сайын қатысу үшін 120-180 мың теңге сұратады дейді.


“Жаттықтырушылар қомақты қаржы сұрайды. Соның кесірінен несие алуға да тура келеді. Егер жарысқа қатысқанына ақша бермесек, баланы екінші немесе үшінші құрамға түсіріп тастайтынын ескертеді. Амалсыз ақша тауып береміз”, – деді ақтөбелік ана. 

Ақтөбе облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер мектебі де, “Ақтөбе” ФК да бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік ұйым.

HALYQSTAN дерегі бойынша “Ақтөбе" ФК негізгі және жастар құрамын дайындауға 2,8 млрд теңге бөлінген.

Балалар мен жасөспірімдер командалары мен әйелдер құрамасы тағы 400 миллион теңге алды. Енді маусым соңында балалар мен жасөспірімдер командалары мен "Ақтөбе" ФК негізгі командасының жаттығуларына бюджеттен тағы да 500 миллион теңгеге мемлекеттік сатып алу пайда болды.

“Балалардың спорт түрлері бойынша әртүрлі деңгейдегі жарыстарға баруына күнтізбелік (каржылық) жоспарға сәйкес мемлекеттен тарапынан қаржы бөлінеді.  Ал күнтізбелік жоспардан тыс жарыстарға ата-аналар комитетінің шешімі керек не өз еріктерімен ата-ана есебінен жіберіледі. Балалар бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес кез келген уақытта жарыстарға бара алады. Балалар жаттығатын "Ақтөбе" ФК балалар командасы "Ақтөбе" ФК есебінен, ал футболдан ОМБЖОРСМ басқарма тарапынан қаржыландырылады. Аталған шағым бойынша мектеп әкімшілігі және жаттықтырушылармен кездесу өткізіліп, шағым расталмағанын хабарлаймыз”, – делінген хабарламада.