«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» атты республикалық семинар өтті
Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Нағи Ілиясов ауылында өткен «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» атты республикалық семинарға қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Сыр өңіріне арнайы келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары, ведомство басшылары, барлық облыс әкімінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары және ірі шаруашылық құрылымдарының төрағалары, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко шақырылды.
Аймақ басшысы өз баяндамасында өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге тоқталып, семинарда озық тәжірибелер мен өзекті мәселелер талқыланатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды жобалар қолға алынды. Елді мекендердің әлеуетін көтеруге бағытталған «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында тірек және спутник елді мекендер айқындалды. 5 жыл ішінде облыста 31 млрд 200 млн теңгеден астам қаржыға 435 жоба жүзеге асты. Бұл қаржы елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар салу мен жөндеуге, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды. 2027 жылға дейін жалғасатын жоба аясында жыл сайын қаржы көлемі ұлғайтылады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, тұрғындар қолайлы ортада өмір сүруі үшін ойын алаңдары салынып, аулалар абаттандырылды, парктер мен аллеялардың құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар үлес қосуда. Бүгінде өңірде демеушілікпен 45 млрд. 200 млн. теңгенің жобалары жүзеге асуда. Оның ішінде, аймағымыздың ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі «Най-Мир» кәсіпорны «Анаға тағзым» орталығын, «Абзал және К» кәсіпорны «Еңбеккерлер аллеясын», «Таң ЛТД» шаруашылығы ауылды абаттандыру жобасын, «Жаңажол» шаруашылығы орталық алаңды абаттандыруды, «Абай-Дәулет» шаруашылығы "Бесарық" ауылын көркейтуді демеушілікпен жүзеге асырды.
Әрі қарай іс-шараны жүргізген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өз сөзінде аграрлық саланың негізгі мәселелері мен жоспарлар туралы айтты.
Семинарда республикалық ардагерлер ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, профессор
Өмірзақ Озғанбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, АӨК-ні дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Геннадий Зенченко, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов баяндама жасады. Мұнан бөлек, Ақтөбе облысы «Степное» ЖШС басшысы Аманқос Төлеуов, Абай облысы «Өрнек» ЖШС басшысы Ержан Қойгельдин өз тәжірибелерін ортаға салды.
Жиын соңында ауыл шаруашылығы саласының үздіктеріне ведомстволық наградалар табысталды.