Маңғыстауда мал әлі қырылып, дала өлекселерге толы
760
Маңғыстау облысында ресми мәліметтер бойынша биыл 1162 мал өлген. Алайда шаруалардың айтуынша төрт-бес мыңдай мал қырылған, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Олар тақыр далада жеуге қылтан таппай арам өлген малды көміп немесе өртеп үлгірмей жатқандарын айтады.
Далада теңкиіп жатқан өлексе жетерлік. Тіпті өрістегі малдың бәрі су ішетін құдықтың айналасы да қаңқаға толы. Шаруалардың ендігі уайымы қолдағы тірі қалғанын сақтап қалу.
"Жемге тойып алғаннан кейін жілігінде май жоқ қой. Тұра алмай жатыр", – дейді шаруалар.
Нұрболат былтырғы көктемнен бері қарай 27 бас жылқысынан айырылыпты. Жайылымда шөп қурап кеткені аздай, жемнің де бағасы шарықтап тұр екен.
"20 келілік Қостанайдың кебегін біз 2400 теңгеден Жаңаөзеннен сатып аламыз. Осы кебек Өзбекстанда 1500 теңге тұрады. 1 жыл бұрын 1000 теңге еді. Қолдан көтеріп жіберді. Жем-шөпті Өзбекстанға, басқа жаққа саттырмаса екен дейміз", – дейді шаруа Нұрболат Темірбаев.
Бұл аймаққа үкімет тарапынан 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген еді. Шенеуніктер бұл қаражаттың 1 миллиард 100 миллионын игердік деп отыр. Яғни әрбір аналық бас үшін 9800 теңгеден төленген.
"Малдың қамы үшін көшіп жатқан жігіттер жетеді. Биыл әсіресе көп. Ақтөбе жағына көшіп жатыр, Орал жағына көшіп жатыр. Өзі көшпесе сол жақта ақша төлеп бақтыратын қылып, малын көшіріп жатыр", – дейді шаруа Сағат Қосов.
Өрістегі төрт түлігінің тілеуін тілегендердің бар үміті соңғы уақытта жиі талқыланып жатқан жасанды жаңбыр жауғызу әдісі.
Әлемнің көп елінде қолданылып жүрген мұндай құрылғыны жалдау құны 500 миллион теңге. Шенеуніктер "бұл құрылғыны төлейтін демеушілер табылып тұр" дейді.
Тек келісімге қол қойса болды, қыста қарды, жазда жаңбырды жаудырмақшы екен.
"Олар "200 шақырым радиусте" дейді. Яғни, Маңғыстау облысын толықтай қамтиды деген сөз. Осы жерден Бейнеу ауданы 500 шақырым. Демек түгел облысты қамтиды. Олардың айтуы "нақты 2 күн жаудырамыз, сіз айтып отырғандай тоқтамай қалады" деген болмайды деп уәдесін беріп отыр", – дейді Маңғыстау облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.
Бірақ бұл бастама биыл орындалмауы мүмкін. Облыстағы жауапты мамандар қаражатты тауып, төлеген күннің өзінде құрылғыны құру 4 айдай уақыт алатындығын айтқан. Сондықтан алдағы көктемсіз жасанды жаңбырды күтудің қажеті шамалы. Шаруаларға сол көктемге жету уайым болып отыр.