Желіде қырылған киіктердің өлекселері түсірілген видеолар тарап жатыр

1 535

Желіде қырылған киіктердің өлекселері жүксалғышпен тасымалданып жатқанын көруге болатын видео тарап жатыр,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Полицейлер аталған жағдайға қатысты пікір білдірді. 


"40 ақбөкен өлексесін тасымалдауға қатысты тексеру жүргізілуде. Jac көлігі 23 қазанда Астана-Қорғалжын тас жолында тоқтатылды. Жүк салғышы мен ішкі бөлігінде сойылған мал өлекселері болған. Алғашқы тергеу барысында өлекселерді Сабынды ауылында орналасқан "Астана Агропродукт" ет комбинатының жүргізушісі алып кеткен. Тасымалдаушылар шот-фактуралардың түпнұсқасын және "Охотзоопром" ӨБ РМК  мен "Астана Агропродукт" ЖШС арасында жасалған тауарды сату/жеткізу шартының электрондық көшірмесін көрсетті", - делінген хабарламада.



Ақмола облысында ақбөкен популяциясын реттеу туралы Үкіметтің №688 қаулысы да бар.


"Ақбөкен өлекселерін тасымалдау фактісі Целиноград аудандық ІІБ-нің ақпараттық кітабына тіркелген. Тексеру материалдары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес жануарлардан алынатын өнімдерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке ветеринариялық инспекцияға жолданды", - деді полиция.


Қазан айының басында Батыс Қазақстан облысында киіктердің санын реттеу бағдарламасы іске қосылды. Экология министрлігі қаулы шығарып, соған сәйкес кәрі ақбөкендер өлтіріліп, кейін олардың еті өңдеуге жіберіледі. Сонымен қатар, министрлікте атап өткендей, ақбөкен етін базарларда тегін сатуға болмайды.