Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жаңа басшысы тағайындалды
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жаңа басшысы таныстырылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыс әкімі аппаратының бірыңғай конкурстық комиссиясының шешімі және облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы лауазымына Шәріпбеков Бекболат Жүнісәліұлы тағайындалды.
Аймақ басшысы Бекболат Жүнісәліұлына сәттілік тіледі.
Бекболат Жүнісәліұлы 1973 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын «агроөнеркәсіп салаларын басқару және оның экономикасы» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1990 жылы «Келінтөбе» күріш совхозының жұмысшысы болып бастаған. 1990-1999 жылдары «Келінтөбе» күріш совхозының механизаторы, «Құмиян» АҚ Ақниет бөлімшесінің есепшісі болған. 1999-2010 жылдары Келінтөбе ауылдық округі әкімі аппаратында, Жаңақорған ауданы және Түркістан қаласы бойынша салық комитеттерінде түрлі деңгейдегі лауазымдарда қызмет атқарған. 2010-2018 жылдары Қызылорда облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бас маманы-мемлекеттік аудиторы, бөлім басшысы-мемлекеттік аудиторы болған. 2018-2020 жылдары Қызылорда қаласының Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі ретінде тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу жолында аянбай еңбек етті. 2020-2022 жылдары Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы қызметінде нәтижелі қызмет көрсетті.
2022 жылдың шілде айынан бастап осы кезге дейін Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.