Қаржы жүйесінің ашықтығы – басты назарда
Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен өңірлік кәсіпкерлер палатасында көлеңкелі экономикамен күрес және заңсыз қолма-қол ақша айналымының алдын алу бағытында дөңгелек үстел отырысы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Маңызды жиынға облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігінің, Ұлттық банктің өңірлік бөлімшелерінің және екінші деңгейлі банктердің филиал басшылары қатысты.
Қаржы жүйесінің ашықтығы – ұлттық тұрақтылық кепілі
Кездесуді Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Аслан Кеңес ашып, қазіргі таңда қаржыны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру әрекеттері ел экономикасы үшін үлкен қауіп төндіріп отырған өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет кәсіпкерлікті қолдауға, салықтық және қаржылық тәртіпті нығайтуға басымдық беріп отыр. Алайда көлеңкелі экономика мен заңсыз қаржы операциялары, соның ішінде қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру фактілері әлі де алаңдатуда, – деді ол.
Оның айтуынша, мұндай әрекеттердің салдары салықтық түсімдердің азаюына, мемлекеттік бақылаудың әлсіреуіне және адал бизнес өкілдеріне жасанды кедергілер туындауына алып келеді.
Көлеңкелі экономиканың үлесі – алаңдатарлық деңгейде
Жиын барысында Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің талдау-әзірлемелер бөлімінің басшысы Қайрат Ахметов облыс көлеміндегі заңсыз ақша айналымына қатысты талдаудың негізгі нәтижелерін ұсынды.
Ол атап өткендей, ҚР Үкіметінің деректері бойынша елімізде көлеңкелі экономиканың көлемі жалпы ішкі өнімнің 17,5%-ын құрап отыр. Оның шамамен 50%-ы салық пен кедендік төлемдерден жалтару, жалған шот-фактура жасау, қаржы пирамидалары және қаражатты шетелге заңсыз шығару секілді әрекеттермен байланысты.
Ал Қызылорда облысында көлеңкелі экономиканың негізгі үлесі мына салаларға тиесілі:
- Құрылыс – 30%
- Ауыл шаруашылығы – 25%
- Сауда – 20%
- Басқа салалар – 20%
Сонымен қатар, Қайрат Ахметов биылғы жылдың алғашқы төрт айында заңды тұлғалардың қолма-қол ақшаға айналдырған қаражат көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 1,5 млрд теңгеге азайғанын мәлімдеді. Дегенмен, наурызбен салыстырғанда сәуір айында бұл көрсеткіш 638 млн теңгеге артқан.
Банктердегі операциялар – бақылауда
Талдау нәтижесінде бірқатар екінші деңгейлі банктерде заңды тұлғалардың қолма-қол ақша шешу көлемі артқаны белгілі болды. Атап айтқанда, бұл көрсеткіштер «Халық банк» АҚ, «ForteBank» АҚ және «Jysan Bank» АҚ филиалдарында өсім көрсеткен.
– Біз банктерге заңсыз қолма-қол ақша операцияларының алдын алу үшін төлемдердің балама әдістерін насихаттау, VIP клиенттермен түсіндіру жұмыстарын жандандыру және аударым жүйесін жетілдіру қажеттігін ұсынамыз, – деді Қайрат Ахметов.
Терроризмді қаржыландыру мен кірісті жылыстатуға қарсы іс-қимыл
Жиын барысында ҚР Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігінің Қызылорда өңірлік өкілдері басқармасының бас маманы Мұрат Сарманов сөз сөйлеп, терроризмді қаржыландыру және кірістерді жылыстатуға қарсы іс-шаралар туралы ақпарат берді. Ол тиісті заңнаманың орындалу барысын, тәуекелдерді басқару тетіктерін және банктер мен қаржы ұйымдарының міндеттерін түсіндіріп өтті.
Ынтымақтастық – қаржы тұрақтылығының негізі
Кездесу соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, заңсыз ақша айналымына тосқауыл қою жолдарын бірлесе қарастырды. Тараптар көлеңкелі экономиканы азайту, цифрлық төлем жүйелерін кеңейту және қаржы жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында ынтымақтастықты одан әрі арттыруға уағдаласты.