Отбасылық саясат

724
Қазақстан Республикасындағы отбасы саясаты мемлекеттің барлық әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 сәуірдегі № 853 Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 Жарлығына өзгерістен енгізілді.

Отбасы институтын нығайту, отбасыларға кешенді қолдау шараларын көрсету мақсатында Отбасын қолдау, отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша тұру орталықтары құрылатын болады.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды жедел анықтауға және оларға көмек көрсетуге мүмкіндік беретін отбасының цифрлық картасы әзірленеді және енгізіледі.

Гендерлік аспектіні ескере отырып, жалғыз басты ата-аналардың қашықтағы жұмыс форматына және жұмыспен қамтудың қысқартылған режиміне құқығын айқындауды көздейтін еңбек заңнамасын жетілдіру жоспарлануда.

Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту үшін әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 15 орталығын ашу, ауылдық жерлерде тұратын әйелдерді және осал топтағы әйелдерді еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларға оқыту жоспарлануда, сондай-ақ гендерлік қажеттіліктерді бағалау картасы әзірленетін болады.

Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары нысаналы индикаторлары мен Тұжырымдаманың стратегияларын қамтиды.

Жоспардағы іс-шаралар отбасы институтын нығайтуға және қолдауға, ұрпақты болу денсаулығын сақтауға, балалар мен әйелдерге қатысты отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, ерлер мен әйелдердің тең жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, гендерлік білімді ілгерілетуге бағытталған.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, өңірлерде – тиісті консультативтік-кеңесші органдар қызметін жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің құрылымында Жастар және отбасы істері жөніндегі комитет құрылды.

2013 жылдан бастап қыркүйектің әрбір екінші жексенбісі Қазақстанда Отбасы күні атап өтіледі. 2014 жылдан бастап жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіледі, ол адамгершілік құндылықтарын жаңғыртуға және отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған. Осы жылдар ішінде байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен 18 мыңнан астам отбасы қатысты.

Қазақстанның барлық өңірлерінде 36 дағдарыс орталығы жұмыс істейді (олардың ішінде 31-і баспанаға ие), ал 2006 жылы 10 өңірде тек 24 орталық жұмыс істеді, онда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін көрсетті.

Өңірлерде 31 «Жанұя», «Бақытты отбасы» және т.б. Отбасыларды қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталықтар өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасына психологиялық, әлеуметтік, құқықтық және басқа да қажетті көмек көрсетеді, сондай-ақ отбасы институтын дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді.

2022 жылы ҮЕҰ гранттық қаржыландыру аясында отбасылық саясат саласында келесі жобалар іске асырылуда:

- Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі шараларды институттандыру;

- «Бақытты отбасы» отбасылық соттарының жанындағы отбасын ресурстық қолдау орталықтарының қызметін ұйымдастыру;

- Мүмкіндігі шектеулі мүгедек балалары бар отбасыларды әлеуметтік және психологиялық қолдау;

- «Армандар орындалады» акциясын ұйымдастыру және өткізу;

- Қаржылық сауаттылық отбасында басталады;

- Гендерлік қажеттіліктер мен қажеттіліктер картасы: этникалық, аймақтық және таптық ықпал;

- Өмірлік қиын жағдайда жүрген балалары бар отбасыларды қолдау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру;

- Жастар арасында мықты отбасы құндылықтарын қалыптастыру.

Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырма аясында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Отбасы институтын зерттеу орталығы отбасылық саясат саласын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша бірқатар қызметтерді жүзеге асыруда:

1) «Қазақстандық отбасылар – 2022» ұлттық баяндамасы;

2) «Азаматтық неке Қазақстандағы отбасылық-неке қатынастарының үлгісі/нысаны ретінде» әлеуметтік зерттеуі;

3) «Қазіргі қазақстандық қоғамдағы гендерлік саясат» әлеуметтік зерттеуі;

4) «Әлеуметтік интеграция және балалар үйлері тәрбиеленушілерінің қоғамына бейімделу» әлеуметтік зерттеулері.

 

Отбасылық саясат саласындағы негізгі көрсеткіштер

2009 жылғы ұлттық халық санағының деректеріне сәйкес республикада отбасы саны 4 022 388 құрады, оның ішінде қалалық отбасылар – 2 233 496, ауылдық отбасылар – 1 788 892. 1999 жылы – 3 532 167, оның ішінде қалалық отбасылар – 2 158 972, ауылдық отбасылар-1 373 195.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттiгiнің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2021 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген некелер саны 140 256 бірлікті құрады (2020 ж. – 128 839).

2021 жылға тіркелген ажырасулар саны 48 239 бірл. (2020 ж. – 48 002).

Тіркелген некелер санына бұзылған некелер үлесінің азаюы байқалады (2021 жылы – 34,4%, 2020 жылы – 37,2%).

Ажырасудың ең көп саны Алматы қаласында (5 281), Алматы облысында (5 075), Қарағанды облысында (4 717), Нұр-Сұлтан қаласында (4 296).

«Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасының деректеріне сәйкес отбасындағы зорлық-зомбылық (43,2%), ерлі-зайыптылардың бірінің маскүнемдік, нашақорлық проблемалары (39,7%), ерлі-зайыптылыққа опасыздық (35,8%) жағдайлары қазақстандықтардың пікірі бойынша ажырасудың ақталған себебі болуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша 2021 жылы отбасы-тұрмыстық салада жасалған 1047 құқық бұзушылық (2020 жылы - 1072), отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылық – 502 (2020 жылы - 443) тіркелген.

Отбасы-тұрмыстық салада жасалған құқық бұзушылықтар саны бойынша жоғары деңгей Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарында, төмен деңгей Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында сақталуда.