RUB (+0.09) 7.86 KZT
USD (-0.38) 476.2 KZT
EUR (+1.80) 484.72 KZT
Қоғам
63

Қостанайда 200 млн теңгеге салынған бөгет қирап жатыр

Екі жыл бұрын республикалық бюджеттен 194 млн теңге бөлініп, қолданысқа берілген дамба әр жерінен тесіліп жатыр, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі  "Хабар-24" жаңалықтарына сілтеме жасап. 

Тұрғындардың айтуынша, бөгет биылғы суды қажетінше ұстай алмаған. Екі аптаға созылған тасқын кезінде қар суы далаға ағып кетіпті. Себебі су жинауға арналған шұңқырда ақау бар. Бөгеттің құрылысы талапқа сай еместігі сырт көзге анық байқалады.

“Бетонды блоктар аласа болғандықтан технология бойынша екі метр болуы тиіс, ал мұнда бір метр жиырма сантиметр судың қысымына төтеп бере алмай, әр жерден тесіліп жатыр. Сол себепті мына тесіктен сорғалаған су көңілге үрей тудырады.  Жаңа бөгеттің тереңдігі бір метрге жетпейтіндіктен су әр жерде шалшық боп қалған”, - дейді тұрғындар.

Айтуларынша, күннен-күнге бетонды блоктардың астымен із тауып ағып жатыр. Қалғаны күзге дейін тартылып қалуы әбден мүмкін.

“Бір ай ғана өтті су тасып кеткеніне көп жерлер ашық қалған. Су мынау табанда жоқ. Орталардың барлығында өте сапасыз. Көп нәрселер көрініп тұр көзге. Осындай мөлшерде суды алып қою үшін 194 млн теңгені  тиімсіз пайдаланған деп есептеймін. Көгалдандыру болған дейді жоба бойынша ол да жоқ. Тегістеу жұмыстары. Барлығы әр жерде шашылып жатыр. Негізі оның барлығы олай болмауы керек. Бөгет деген салынғанннан кейін дұрыстап салынуы керек”, – дейді Қоғам белсендісі Ербол Бекбосын

Тапсырыс беруші Жангелдин аудандық әкімдігі болса, бөгет құрылысы жобаға сәйкес жүргізілгенін айтады. Алайда олар 2022 жылғы су тасқыны мұндай мол көлемде боларын ескермеген сыңайлы.         

“Ақаулар анықталса, біз енді хат жазамыз. Кетіп қалған жерін орнына қойып бересіңдер деген сияқты. Су кетіп қалып жатса біз онда ертең бе, сіздерден кейін эфирге шыққасын хат жазамыз оларға. Келіңдер де, істеңдер дейміз”, – дейді Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Айдаралы Талпақов

Айта кету керек, Торғай өңірінде сапасыз салынған бұл екінші бөгет. Бұған дейін Ахмет Байтұрсынұлы ауылында 20 млн-ға тұрғызылған нысан бұзылған. Енді мердігерлер кепілдік мерзіміне сәйкес қосымша қаражат шығарып қос бөгетті жөндеуі міндет.