Ешкімді өлтірмедік, ақша ұрламадық – Біртанов ағынан жарылды

445

Нұр-Сұлтанда бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша Сарыарқа ауданының № 2 сотының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды  «Opennews.kz» ақпарат агенттігі   Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.




Үшінші прокурор

Мемлекеттік айыптау отырысқа үшінші прокурор Рахимовты тартқысы келді, ол іс материалдарын тек 14 шілдеде зерттей бастаған.


"Айыптауды күшейтуге мәжбүр болғанына қарап прокуратураның позициясы өте әлсіз деген ой қалыптасады", – деді Елжан Біртанов.

Қорғаушы тарап соттан қала прокуроры Рахимовты шеттетуді талап етті.

"Неліктен прокурорлардың саны көбейді,  олардың саны көбейетіні жөнінде жазбаша құжаттар қайда? Прокурор Рахимов бір апта бұрын ғана іспен таныса бастады, ол мемлекеттік айыптауды қалай жүргізбек?",- деді адвокаттар судьяға.

Бұл ретте, олардың айтуынша, мемлекеттік айыптаудың, егер бұл процессуалдық прокурорларды ауыстырумен байланысты болмаса, сот талқылауы процесінде жаңа прокурорды іске қосуға құқығы жоқ.
Біртанов істің барлық материалдарымен танысу үшін оған жарты жыл қажет болғанын атап өтіп, Рахимовтан 14 шілдеден бастап қанша құжат зерттегенін сұрады. Қалалық прокурор бұл сұраққа жауап бере алмады. Ал процессуалдық прокурор Бауыржан Шекенов мемлекеттік айыптаушыларға сұрақтар қойылмайтынын айтты.


"Прокурор бұл сотқа Қылмыстық-процестік кодекске, Конституцияға сәйкес емес, басшылықтың тапсырмасы бойынша қатысатынын мәлімдеді, демек, мемлекеттік айыптау жоғары басшылықтың нұсқауы бойынша әрекет ете ме? Іс материалдарымен таныспастан ол басшылықтың тапсырмасы бойынша  айыптауды қолдамақ па?", - деді Біртановтың бұрынғы орынбасары Олжас Әбішев.

Сондай-ақ, ол іс қағаз форматында жүргізіліп жатқанын, электрондық нұсқасы жоқ екенін атап өтті.

"Ол іс материалдарын қалай зерттейді – сот ғимаратында таңертеңнен кешке дейін отыра ма? Бұл барлық нормаларды бұзу, заңсыздыққа жол ашып отырсыздар", – деді Әбішев.

Нәтижесінде сот Рахимовты бүгінгі отырыстан шеттету туралы шешім шығарды және мемлекеттік айыптаудан келесі жолы іске жаңа прокурорларды қосу туралы құжаттард ұсынуды сұрады.

Әбішевтің азапталуы


Елжан Біртановтың экс-орынбасары 2020 жылдың тамызынан бастап Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкері Кеңес Аслан тарапынан жасалған азаптаулар жайлы айтты. Айтуынша, Аслан кінәні өз мойныңа алмасаң, 12 жылға түрмеге жабамын деп қорқытқан.


"Кеңес Аслан мені өзінің кабинетінде үш сағат бойы бопсалады: "Егер қазір мойындасаң, бір сағаттан кейін үйқамаққа жібереміз" деді. Бұл фактілер – барлық қазақстандықтардың бетіне түкірумен тең. Интернетте БҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары қызметінде жүргенже Кеңес Асланның ІІМ қызметкерлерін ұрып-соққан видеосы бар", - деді ол.

Азаптауға және экс-вице-министр мен оның отбасының өміріне қауіп төндіруге қатысты бес арыз болған. Процессуалдық прокурор Төлеген Жарасбаевтың айтуынша, судьяның нұсқауы бойынша азаптау туралы арыз Антикорға жолданған, олар өз кезегінде Қаржылық мониторинг агенттігіне жіберген. Олар азаптау қолданылғанын дәлелдейтін ешқандай айғақ табылмағандықтан арыздың күші жойылғанын мәлімдеген.

Бұрынғы вице-министр оған ешкім қоңырау шалмағанын және арыздар бойынша жауап алмағанын, ешқандай тергеу жүргізілмегенін жеткізді.


Судья физикалық қысым қалай жасалғанын сұрағанда Әбішев тергеу изоляторында болған үш ай ішінде оған түрлі қолайсыздықтар көрсетілгенін айтты.


"Олар матрастың астына есірткі, сим-картаны салып жіберуге тырысты. Апта сайын қамау камерасын ауыстырып, кісі өлтірушілерге, нашақорларға – ауыр қылмысы үшін сотталғандарға жіберетін", – дейді ол.

Сонымен қатар, бұрынғы вице-министрдің айтуынша, Аслан оған пошта мен телефон паролін беруді сұраған. Кейінірек тергеу әрекеттері аясында Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкері Әбішевтің телефон паролін өзгерткені дәлелденді.

2022 жылдың 19 наурызында бұрынғы вице-министр “Қайтадан қаматамын” деген мәтіні бар хабарлама алған.  Әбішев аталған хабарламаның скриншотын ұсынуға уәде берді.


"Бұл кімнің нөмірі екенін, неге маған жазатынын анықтасаңыздар", – деді ол тергеушілерге.

Қорғаушы тарап Стамбұл хаттамасының бұзылғанын атап өтті (азаптауды және қатыгез қарым-қатынастың басқа да түрлерін тиімді тергеу және құжаттау жөніндегі нұсқаулық). Адвокат Бас прокурордың жеке қабылдауын сұрады, бірақ жауап ала алмады.

"Неліктен Бас прокуратура мұндай өтініштерді алып, төменгі органдарға жібереді? Анықтау әдістері біздің құқық қорғау жүйеміз кеңестік құқық қорғау жүйесінің ұрпағы екенін анық көрсетеді, мұндай қарқынмен патшалық басқару жүйесіне де жетуіміз ғажап емес. Негізделген барлық шағымдар қабылданбайды. Біз ешкімді өлтірмедік, ақша ұрламадық. Мүмкін  өз өкілеттіктерімізді асыра пайдаланған болармыз,  бірақ мұның қандай мақсатпен жасалғанын анықтау керек", – деді Біртанов.

Адвокаттар Әбішевтің мәлімдемелерін тексеру іс жүзінде жүргізілмегенін және болжалды тексеру туралы қорытынды беруді сұрағанын атап өтті. Қорғаушы тарап осы отырыс барысында азаптаулар туралы барлық құжаттарды жою қажеттігі туралы өтініш берді, өйткені адвокаттардың пікірінше, кейінгі отырыстарда прокурорлар ретроактивті түрде рәсімделген құжаттарды ұсына алады. Сондай-ақ, қорғаушы тарап Әбішевтің азапталуына қатысы бар азаматтарды жауапқа тарту туралы өтініш берді.

"Прокуратура сотқа дейінгі тергеуді ұйымдастыруы керек еді. Олай болмаған жағдайда, бұл құқық бұзушылық – қылмысты жасыру, ол үшін жаза қолданылуы керек. Әбішевті азаптау ісі – Ericsson Nikola Tesla алаяқтық ісі сияқты платформалық істің ажырамас бөлігі. Мұның бәрі бір іс", – деп мәлімдеді қоғамдық қорғаушы Ержан Біртан.

Сот экс-вице-министрдің азаптау туралы арыздарын қайта тексеруді тағайындады және материалдарды 23 тамызға дейін ұсынуды сұрады. Қорғаушы тарап өз кезегінде сот талқылауынан 23 тамызға дейін үзіліс сұрады.