ҚАЗАЛЫДА ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА

213
Бүгінде Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарқынды дамып келеді,- деп хабарлайды Opennews.kz  ақпарат агенттігі.

Айталық, өнеркәсіп өнімінің көлемі – 106,9 пайызға, ал өңдеу өнеркәсібі – 107,6 пайызға артты. Сондай-ақ, ауданда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны – 5299 бірлікті құрап, оның 95,6 пайызы тұрақты жұмыс істеуде. 

-Қазалы ауданындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында көптеген жобалар іске қосылмақ. Мәселен, облыс әкімінің жанындағы Кеңес қарауына жалпы саны  27 жоба ұсынылып, оның 17-сі мақұлданды. Одан бөлек, бүгінде 14 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Ауданымызда шағын және орта кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Биылдың өзінде 711 кәсіпкерлік субъектісі ашылып, белсенді жұмыс істеуде. Сонымен қатар индустрияландыру бағдарламасы аясында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, «Балық қалдықтарынан балық ұнын өңдіру» жобасы мен «Қамыстан экологиялық таза құрылыс материалдарын дайындауға арналған шикізат өндірісі» жобасы. Аталған жобаларды жүзеге асыруға тиісті жұмыстар атқарылуда, - деді аудан әкімі Мұхтар Оразбаев.
Брифинг барысында аудан әкімі Қазалыда жүргізіліп жатқан құрылыс  жұмыстарын тілге тиек етті. Айтуынша, биыл ауданда 4 нысан халық игілігіне пайдалануға беріліп, қазіргі таңда 17 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 
-Аудандағы құрылыс саласында айтарлықтай өсім бар. Дәлірек айтқанда, осы жылы құрылыс жұмыстарның көлемі – 2,5 млрд теңгені құрап, 11,3 пайызға артты. Нәтижесінде 17 нысанның құрылыс жұмыстары басталды. Оның 7-і өткен жылдан өтпелі болса, 10 нысан жаңадан бой көтереді, - деді аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы.