«Тас кітаптар» тас-талқан болу алдында тұр
Мамандар еліміздегі көне петроглифтердің жай-күйін айтып дабыл қағуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Петроглифтер – қазақ даласындағы өткен ғасырлардан сыр шертетін ең құнды жәдігерлердің бірі. Дегенмен ұзақ жылдар бойы табиғи апаттан немесе кісі қолынан жойылып бара жатқан мұраларымыздың жайсыз күйін ғалымдар мен белсенді азаматтар талай рет мәселе қылып көтерген болатын. Өн бойына сан ғасырлық сыр бүккен құндылықтарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін бе? Еліміз ғасырлар бойғы мәдениеттен сыр шертетін құнды жәдігерлерімізді қаншалықты сақтап, қорғай алып жүр? Мамандар сөйлесін...
Жуырда мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстандағы бірегей археологиялық, тарихи орын – Қаратау бөктеріндегі Сауысқандық шатқалында орналасқан еліміздегі ең көне петроглифтерінің қазіргі аянышты күйін жеткізіп, мекенді қорғау жөнінде мәселе көтерді.
«Бұл қасиетті орын Қазақстан аумағындағы көне өркениет орталықтарының бірі болған. Мұны ғалымдар дәлелдеген. 500 гектар аумақта 8-10 мың бейнелер (адамдар, жануарлар, күймелер) тасқа қашалған. Кейбір қашалған суреттер қола дәуіріне – б.з.б. II мыңжылдыққа жатады. Өкінішке орай, бірегей тарихи жәдігер аянышты күйде. Бұл жерге 1 км жақын жерде ванадий өндіретін кәсіпорын орналасқан және жұмыс істеу барысында жарылысты қолданады. Тау жыныстарының құрылымы өте нәзік, табақшалы, кез келген сыртқы әсер петроглифтердің жойылуына алып келуде. Осы қарқынмен кете берсе, шұғыл қорғау шаралары қабылданбаса, 4 мың жыл тарихы бар петроглифтерді 4-5 жылда жоғалтуымыз мүмкін. Аумақ қорғалмаған, қоршалмаған, бақылау және есепке алу жоқ», – деп жазды депутат Facebook парақшасында.
Осы ретте біз аталған мәселе бойынша Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Мәдениет комитетінің Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сейдалиеваға сұрау салдық. Оның айтуынша, Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер Қызылорда облысының Ескерткіштерді қорғау орталығы бақылауындағы орын екен. Ал жартастардағы мұраны сақтап қалу мақсатында Қызылорда облысы әкімдігінің 2022 жылғы 27 шілдедегі №598 қаулысымен петроглифтердің қорғау аймақтары бекітіліпті.
«Ескерткіш орналасқан аймақтың төрт жағына күзет аймақтары туралы ақпарат қамтылған және қорғау тақтасы орнатылған. Ескерткіштің іргелес аумағында ванадий өндіретін өндіріс орны жұмыс істейді. Ескерткіш пен өндіріс орны жақын орналасқан, алайда өндіріс аумағы ескерткіштің қорғау аймағынан тыс жерде. Мамандар өндірістің ескерткішке әсеріне бағалау жүргізіп, теріс әсері тимейді деп анықтаған. Сонымен қатар бұл ретте өндірістің мемлекет үшін экономикалық маңызы да ескерілген деп пайымдаймыз», – дейді басқарма басшысы.
Жалпы еліміздегі мәдени-тарихи мекендерді қорғау туралы мәселе көтерген жалғыз Мұрат Әбенов емес. 2021 жылы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Алматы-Талдықорған бағытындағы мемлекеттік маңызы бар жолдың бойындағы Арқарлы асуының қос қапталын алып жатқан жақпар тастардағы петроглифтерге қатысты мәселе көтеріп, сол кездегі Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдаған болатын.
«Малайсары қыраттарына ұласатын сол сілемдер тұнған тарих. Тастағы суреттерге тіл бітсе, ең кемі 3000 жыл бұрынғы дәуірді көз алдыңызға әкеледі. Ресми орындардан көңіл бөлініп, қызығушылық болмаған соң өңірдегі белсенді азаматтар өздері бас біріктіріп, тарихи тастарды қорғау жөніндегі еріктілер тобын құруға мүдделі. Өйткені Алматы облысы Кербұлақ ауданы аумағындағы Малайсары петроглифтері жойылудың аз-ақ алдында тұр. Тарихи суреттер бедерленген тастарды бизнестік бағытта өз мақсаттарына пайдалануда. Ал жергілікті билік, яғни Сарыбастау ауылдық округі аңғардағы кәсіпорындар заңды түрде мемлекеттік актісін алып, салығын төлеп, жұмыс істеп жатқанын алға тартады. Яғни, асудағы шағын зауыт қиыршық тастар мен тақтатас өндірісімен айналысады. Жедел түрде тиісті шешімдер қабылданбаса, аз уақыттың ішінде тарихи жәдігерлердің күл-талқаны шығып, үгіліп, бабалар тарихы қиыршық тасқа айналады», – деген еді депутат сол жолдаған сауалында. Аталған мәселе бойынша да біз сауал жолдап, мәселе көтерген депутат Жанарбек Әшімжанға хабарластық. Оның айтуынша, жолданған сауалы бойынша мемлекеттік орган Мәдениет министрлігіне, Алматы облыстық әкімдігіне тиісті деңгейде шаралар қабылдауға тапсырмалар берілген. «Ол кезде Алматы облысы бөлінбей тұрған кез еді. Сол Алматы облысының мәдениет басқармасының жанынан және Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жанынан комиссиялар құрылып, орын алып жатқан заңсыздықтарды көзбен көріп, сол жердегі құрылыс компаниясының іс-әрекеттеріне тоқтау салғызды. Оған үкімет тапсырмасына сәйкес сол өңірдегі әкімдіктер мен басқармалар да күш-қайрат көрсетті. Сонымен қатар Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының шешіміне сәйкес сол жердегі ескерткіштер мемлекеттік қорғауға алынды», – дейді ол.
Ал Алматы облысы жеріндегі Арқарлы петроглифтеріне қатысты мәселе жоқтығын алға тартқан ол бұл аймақта аталған петроглифтер мен өндірістердің аумақтары нақты белгіленген, бір-біріне нұқсан келтірмейтін жағдайда дейді.
«Мәселен, сол аумақтарда орналасқан «Архарлы тас», «Жоламан щебень заводы» атты ұйымдар Алматы облысы әкімдігінің 2006 жылғы 28 желтоқсандағы №123 (кадастрлық нөмірі № 03-260-034-395, 32,4 га) және 2013 жылғы 25 желтоқсандағы №417 (кадастрлық нөмірі № 03-260-034-566, 18,4 га) қаулыларына сәйкес көрсетілген жылдары бөлініп берілген аумақтарда жүргізіліп келген. Алайда осы жылдар ішінде аталған петроглифтерді зерттеп келген атақты ғалымдар аталған өндірістердің петроглифтерге зиян келтіргені жайлы фактілер айтқан емес», – дейді ол.
Біз Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлына хабарласып, жалпы еліміздегі петроглифтердің жай-күйі, олардың қорғалуы жөнінде сұрадық. Оның айтуынша, Сауысқандық шатқалындағы петроглифтеріндегі жағдай соңғы он жылдан бері айтылып келе жатқан үлкен мәселелердің бірі ғана.
«Сауысқандық шатқалындағы петроглифтер соңғы 15 жылда табылған еліміздегі ең үлкен тарихи маңызы зор ескерткіштердің біріне жатады. Зейнолла Самашев, Мадияр Елеуов, Сағымбай Мұрғабаев сияқты ғалымдар бастаған археологиялық зерттеулер бұл петроглифтердің құндылығы жағынан Таңбалы петроглифтерінен еш кем еместігін дәлелдеді. Ғалымдар бұл петроглифтерді толығымен зерттеп, сипаттап, ескерткіштерді құжаттап, әрқайсысын қорғау аймақтарын анықтады. Сонымен қатар облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясымен жұмыс істеп, сондағы компаниялар басшылығымен кездесіп, бұл ескерткіштердің құндылығы туралы айтқан болатын. Ғалымдар тек ескерткіштердің маңыздылығы мен құндылығын айтып, құжаттарын дайындап береді, ары қарай қорғау мәселесін облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясы жүргізеді. Алайда облыстық инспекция бұл жағдайда осалдық танытып отыр. Кезінде Қырымбек Көшербаев әкім болып тұрған кезде облыс әкімдігінің жанында еліміздегі әр сала бойынша жинақталған ғалымдар тобынан арнайы ғылыми-методикалық кеңес болған. Сол кеңесте бұл мәселелер толығымен көтерілген болатын. Өкінішке орай, нәтиже жоқ. Бұл тек қана еліміздегі сан мыңдаған петроглифтердің бір көрінісі ғана. Осындай ерекше қорғауды қажет ететін бұдан да өзге тарихи мекендер жетерлік», – дейді институт директоры.
Петроглифтерді ұзақ зерттеген археолог ғалым Зайнолла Самашевтың пікірін білмек болдық. Ғалым да бұл мәселеге жіті назар аудармасақ, құнды тарихи мұралардан айырылып қалу қаупі жоғары екенін айтады.
Жалпы петроглифтер өзге археологиялық қазбаларға қарағанда анағұрлым айтары көп ескерткіштердің бірі. Біздің елімізде қай жерде алтын шықса соған ғана назар аударатын жағдайға жеттік. Ал алтыннан да қымбат ескерткіштеріміз құру қаупінде тұр. Петроглифтер – көпсалалы ескерткіштер қатарына жатады. Мұнда көнедегі адамдардың дүниетанымы да, тұрмыс-тіршілігі де, діни наным-сенімі де, мифтік оқиғалар да суреттеледі», – дейді ғалым. Сонымен қатар Зайнолла Самашев кезінде министрліктің қарауында болған бұл ескерткіштер бүгінде өңір-өңірдегі облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясы құрамына өтіп, оған сондағы әкімдер жауапты болып, ал әкімдіктер бұған немқұрайлылық танытып отыр дейді. Ғалымның айтуынша, Норвегия, Швеция секілді Скандинавия елдері мемлекеттегі әр ескерткішті мемлекет қазынасы деп санап, алтыннан артық қорғайды екен. Тіпті Франция мемлекетіндегі үңгір ішіндегі осындай петроглифтерді туристік мекенге айналдырып, келушілердің ауызынан бөлінген ауаның әсерінен петроглифтерге зақым тиюі мүмкін деп, ескерткіштердің жасанды көшірмесін жасап, туристерді сонда жібереді екен.
Ғалымның мына мысалынан кейін біздегі жағдайды бір сәт ойланып көрсек... Еуропалықтар петроглифтерді туристердің аузынан шығатын ауадан қорғап жүргенде біз қаншама мыңжылдық тарихы бар құнды ескерткіштерімізді құрылыс материалдарына айналдырып, көне петроглифтерді вандалистердің сурет салып, есімін жазатын шимай парағына айналдырғанымыз өзегімізді өртейді.
Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әйгілі «Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нахақ көзден жас бар ма деп» деген өлең жолдарын барлығымыз жаттап өстік. Ал тарихшы, мифолог ғалым Зира Наурызбаева тақтатас пен құрылыс қиыршық тастарын көргенде, «бұл тас қай петроглифтен жасалды екен» деген «сырқатқа» шалдыққанын айтады. Себебі еріктілер құрамында көптеген жыл петроглифтерді зерттеп келе жатқан ғалым олардың қазіргі аянышты күйін өз көзімен көріп, бұл салада орны толмас олқылықтар мен заңсыздықтар шаш етектен екенін айтып келеді. Айтуынша, мемлекеттік құзырлы мекемелер осы салаға гранттар мен қаржы бөлуде, оны қорғауға алуға немқұрайлық танытып отыр.
Сонымен қатар Зира Наурызбаева вандалистармен күреске бағытталған заңды күшейтіп, «қара археологиямен» айналысатын көмбе қазушылардың ісіне тексеріс керек деп есептейді. Тиісінше, заңда тарихи мұраларды қорғауға алып, есепке тұрғызу мәселелері жеңілдетілгенін қалайды.
«Мәселен, Талдықорғанға өте жақын орналасқан, қаладан 30 шақырым жердегі Ешкіөлместе 15 мың петроглиф бар және 20 шақырым жерде қасиетті орын бар. Бұл құнды жәдігердің табылуына жергілікті мал бағушы Жанат Тұралбай мен талдықорғандық белсенді турист Рафаэль Хизматуллин мұрындық болып, ұйымға хабарласқан. Өкініштісі, үлкен қалаға жақын болған соң, бұл петроглифтер де құруы мүмкін. Сол малшы Жанат Тұрлыбай тарихи мекендер маңынан екі-үш джип көлігімен әлдебіреулердің келіп, жерден әлденелерді қазып алып жатқанын жиі көретінін айтады. Жақын барып сұраса, қолдарында қаруы бар олар малшыға дөрекі түрде дүрсе қоя береді екен. Мысалы, осы «қара археологиямен» айналысушылар не алып, не тапқанын айтып, мемлекетке есеп береді дегенге сену қиын. Тіпті, шет ел асып, сатылып жатпасына кім кепіл?! Осы ретте мемлекет қарауына алу үшін осындай тарихи мекендерді құжаттандыруды қиындатып тастаған. Мәселен, бір петроглифті құжаттандыру үшін екі-үш археологт барып, суретке түсіріп, оған анықтама беріп, оны хатқа түсіру керек. Ал ондай петроглифтер бір жердің өзінде мыңдап саналады. Бір рет солай археологтармен жүргенде олардың аяқтары шыдамай, шаршағанын көрдім, өзімнің де шалдыққанымды сездім. Осындай тарихи мекенді қорғауға алу үшін құжаттандыруды жеңілдетуге болады ғой. Осы ретте Ольга Гумированың қазақ даласында ерте замандардан бүгінге дейін жеткен небір құнды ескерткіштердің сақталуына мемлекеттің назарын аударуға, көптеген тарихи нысандардың құжаттандыруға зор үлесін қосып келе жатқанын айтар едім. Ольганың бір сөзі бар: «Мысыр – «пирамида елі» болса, Қазақстан – «петроглифтер елі» деген. Шет елде жоқтан бар жасаса, бізде барымызды ұқсата алмай отырмыз», – дейді ол.
Ел аумағында ежелгі үңгір суреттерінің қанша шоғыры бар екені нақты белгісіз. Археологтар 1000-ға жуық орынды сипаттап, тіркеген. Ғаламторда шамамен 3 мың деген ақпарат шығады. Бірақ іс жүзінде олар тек үш жерде қорғалған. Бұл Таңбалы ЮНЕСКО мұражай-қорығы, Ақсу-Жабағылы ұлттық паркі, Алтын Емел ұлттық саябағындағы Тайғақ қасиетті орны. Бары – осы. Ал қалған тарихи мекендерді қорғауға алу туралы жыл сайын белсенділердің жанайқайы естіліп жатады. Өнердің көне ескерткіштері Қазақстанның барлық аймақтарында, әсіресе, Жетісу, Баянауыл, Қарқаралы, Маңғыстау, Қаратау, Шыңғыстау, Іле Алатауы, Тарбағатай, Алтай тауларында жиі кездеседі. Осының ішінде ғаламторда жиі көтерілген мәселелерге қысқаша тоқталсақ...
Шығыс Қазақстан облысына қарасты Күршім ауданы Маралды өңіріндегі Алтай тауларында көне ескерткіштер құрып кетудің сәл ғана алдында дейді белсенділер. Сонымен қатар Отар әскери полигоны маңындағы Аққайнар петроглифтеріне қауіп төніп тұр екен. Петроглифтер бетіне әскерилер жазу жазып, бүлдіргені де айтылады.
Сондай-ақ Бәйдібек ауданындағы Боралдай өзенінің жағасында қола дәуіріне жататын көне ескерткіш – петроглифтер бүгінде вандализмнің құрбанына айналған екен. Тарихи ескерткіштен 200 метр арыда «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағы орналасқан. Олар да бұл ескерткіштерді парктің қорғауына алу керектігін айтып, дабыл қағуда. Алайда нәтижесіз. Себебі ол жерлер... біреудің жекеменшігінде екен.
Сонымен қатар Қаратау тауынан 20 км қашықтықта орналасқан Арпаөзен петроглифтері, Шолаққорған, Сауысқандық шоғырлары да, Тараз маңындағы Қарасай петроглифтері де өте ерекше бірегей жәдігер. Алайда олар қорғалмағандықтан, үкімет тарапынан түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмейтіндіктен жергілікті халық тастарды тасып әкетіп жатқан көрінеді.
Иә, петроглифтерді вандалдардан аман сақтап қалу мүмкін болмай отыр. Келген туристер арттарынан із қалдыру үшін өз есімдерін, өзге де жазбаларды немесе адам суреттерін тарихи тастардың бетіне қашап салып кетеді екен. Осы ретте белсенділер мәдени мұраны сақтау үшін арнайы қорғалған аумақтар – археопарктер, ұлттық парктер, мемлекеттік және жеке қорықтар құрылу керек деп санайды.
Петроглифтер мұрасы жағынан Қазақстанға тең келер ел жоқ деуге де болады. Көне заман суретшілерінің ашық аспан астында галереялар жасауы шынында да керемет. Бұл ескерткіштер, ата-бабаларымыздың бізге қалдырған мұрасы – көне заман жайында дерек беретін жәдігерлер. Кезінде Карл Байпақов петроглифтерді «тас кітаптар» деп атаған болатын. Ендеше, осындай көне заман «тас кітаптарын» мемлекет ванади мен вандалидардан қызғыштай қорғамаса, тарихымыз табан асты болып, көз алдымызда жойылуға шақ тұр. Ғалымдар нақты әрекеттер атқарылмаса, таяу жылдары Қазақстан жартас өнерінің 25 пайызын мүлдем жоғалтып алуы бек мүмкін дейді.