Алматы қуыршақ театры Грузиядағы халықаралық фестивальде үздік атанды
Алматы мемлекеттік қуыршақ театры қазақ қуыршақ өнерінің халықаралық деңгейдегі жоғары мәртебесін тағы бір рет дәлелдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Театр Грузияда өткен ІІ Batumi International Puppet Theatre Festival халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды. Бұл фестивальге Италия, Испания, Бразилия, Франция, Польша, Грузия және Қазақстанның үздік театр ұжымдары бақ сынасқан.
Фестивальді Батуми мемлекеттік қуыршақ театры мен Грузияның Қуыршақ театрларының бірлестігі ұйымдастырды. Байқауда 13 спектакль көрсетіліп, қазылар алқасының шешімімен басты марапаттар Қазақстан, Испания және Грузия театрларына берілді.
Алматы қуыршақ театры репертуарындағы ең ерекше қойылымның бірі – ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің әйгілі трагедиясы негізінде қойылған «Макбет. Иллюзия» спектаклін ұсынды. Эксперименталды түрде қойылған қойылым ересек аудиторияға арналған, ол өзінің ерекше әдісімен әсер қалдырды. Режиссер Дина Жұмабаева, суретші Юлия Чернова және хореограф Анна Цой көрермендерді адами эмоция мен амбициялардың күрделі әлеміне бойлататын ерекше визуалды әрі пластикалық атмосфера жасады. Спектакльде жанды актерлер мен қуыршақтар қатар ойнап, қойылымға айрықша көркемдік әсер берді. Классиканы батыл да заманауи интерпретациялағаны үшін бұл қойылым «Үздік режиссер» номинациясымен марапатталды.
Байқау бағдарламасынанбөлек, фестиваль қатысушылар мен көрермендерге Еуропаның жетекші мамандарынан қуыршақ жүргізу мен актерлік шеберлік дәрістерін ұсынды. Батуми қаласының орталығында өткен алып қуыршақтардың шеруі қала тұрғындары үшін нағыз мерекеге айналды. Алматы қуыршақ театры үшін бұл фестиваль шығармашылық тұрғыдан тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, жаңа жетістіктерге шабыт берген маңызды іс-шара болды.
Алматы мемлекеттік қуыршақ театры 2024 жылы 2-7 шілде аралығында Канадада өткен The First International Ottawa Puppet Theatre Festival халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде Гран-при жеңіп алған болатын.