2030 жылға дейін 12 тоғандық шаруашылық құру жоспарлануда
282
Аймақта 2030 жылға дейін 12 тоғандық шаруашылық құру жоспарлануда,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазір балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттен көрсетілетін қолдау аз емес. Соның нәтижесінде Сыр өңірінде балық бизнесі қайта өріс алуда. Балық шаруашылығын дамыту агросаясаттағы басты міндеттің бірі болғанымен, бүгінде нақты нәтижеге қол жеткізу қиындау болып тұрған сыңайлы.Бұл өз кезегінде ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған» бағдарламасы атты іргелі жоспардың орындалуын кешеуілдетуде. Осы межелі жылдар аралығындағы істелетін жұмыстың нәтижесі бойынша ауланатын балық түрінің үлесі 270 мың тоннаға дейін артуға тиіс-тұғын. Сыр өңірінде қандай серпін бар?
Облыс көлеміндегі жағдайды жүйелеп көрейік. Бүгінде тауарлы балық өсіру және сирек кездесетін балық түрлерін көбейту мақсатында 2 тоған шаруашылығы құрылған. Қазіргі таңда онда сазан, ак амур, дөңмандай және африкалық жайын сынды балық түрлері өсірілуде. Сондай-ақ, облыста 2030-шы жылға дейін 12 мың тоннадан асатын балық шығаратын 16 шарбақтық шаруашылық пен 1200 тонна тауарлы балық өсіретін 12 тоғандық шаруашылық құру жоспарлануда. Бұл жөнінде Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров хабарлаған болатын.
«Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 55 тауарлы су айдыны мен 4 тоған шаруашылығы жұмыс істеуде. Жалпы аталмыш бағдарлама шеңберінде 2030 жылға дейін облыста 16 мың тонна балық өсіру межеленіп отыр. Осыған сәйкес, 15 су айдыны кәсіпшіліктен көл тауарлыға ауыстырылды. Сонымен қатар былтыр балық шабақтарын құтқару және қырылу қауіпінің алдын алу бойынша белсенді шаралар жүргізілді. Биыл да балық шаруашылығын дамыту бағытындағы нәтижелі жұмыстарды жалғастыратын боламыз» дейді Жанқожа Рамбердіұлы.
Балық шаруашылығы бағалы тұқымдық балықтарды өсіріп, көбейтетін балық питомниктері, тауарлы-көл және тоған шаруашылықтары, машина-мелиоративтік станциялары, арнайы оқу орындары, балық сататын фирмалық дүкендері жұмыс істейді. Қазақстанның мыңдаған ірілі-ұсақты көлдері мен өзендері балық шаруашылығы қызмет етеді. Олардың жалпы аумағы 7,5 млн. га шамасында есептеледі. Су айдындарының ең ірілері: Каспий теңізі, Балқаш, Алакөл, Зайсан көлдері, Қапшағай, Бөген, Бұқтырма бөгендері, Жайық, Ертіс, Есіл өзендері. Дүние жүзі бойынша ауланған бекіре балықтарының 90%-ы Қазақстан балық шаруашылығының үлесіне тиеді. Қазіргі кезде республикада экологияның нашарлауына байланысты су айдынын қорғау, оларды ұдайы мелиорациялау, кәсіптік балықтардың сапасын жақсарту, балық өсіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл міндет Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына және балық қорғау ұйымдарына жүктелген.