Қазақстанда теңгедегі депозиттердің сыйақы мөлшерлемесі тоқтаусыз төмендеп барады. Наурыздан бері әр ай сайын 0,1% азайып, кейінгі жарты жылдағы ең төмен көрсеткішке жеткен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ұлттық банк ұсынған статистикаға сүйенсек, жеке тұлғалар депозиттерінің сыйақы мөлшерлемесі орташа есеппен алғанда 13,5%-ға тең.
Экономист белгілі бір дәрежеде алаңдауға негіз бар екенін айтады.
“Әрине, депозиттер күйіп кетпейді, оған алаңдаудың қажеті жоқ. Өйткені депозитті сақтандыру қоры бар. Ол жерде 10 миллион теңгеге дейін және 20 миллион теңгеге дейінгі қаражат сақталып, кепілдендіріледі. Ал одан көп қаражатыңыз болса, бірнеше банктерге бөліп сақтағаныңыз дұрыс. Бірақ жыл соңында берілетін сыйақы мөлшерлемесінің төмендеуі алаңдатады. Алдағы уақытта ол тағы да төмендеуі мүмкін”, – деді экономист Мақсат Халық.
Сөзінше, азаматтардың теңгелік депозиттерге қызығушылығы азайып, ақшаны шешіп ала бастаса, теңгеге деген сұраныс біртіндеп төмендейді. Теңгенің құны әлсірейді. Демек девальвация сипаты болуы мүмкін.
“Негізгі себебі базалық пайыздық мөлшерлеменің төмендеуімен байланысты. Ұлттық банк нақты жыл сайын мөлшерлемені бекітіп отырады. Ол елдегі ең төменгі ақшаның берілетін құны ең төменгі несиенің пайызына әсер етеді, депозиттің пайызына да әсер етеді. Кейінгі уақытта Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірте-бірте төмендетіп жатқаны байқалады. Ертең тағы да осы базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылданбақ. Тағы да төмендеуі мүмкін”, – деді маман.
Айтуынша, базалық мөлшерлеме төмендей берсе, депозиттердің пайызы түседі. Демек несиенің де пайызы төмендейді.
“Несие пайыздарының түскені бізге керек. Өйткені сол арқылы іскерлік орта жанданып, бизнес арзан несиеге қол жеткізе бастайды. Ол өз кезегінде экономикалық өсімге тікелей әсерін тигізеді”, – деді Мақсат Халық.