«Мобильді аударым»: туған күн мен қазаға жіберілген ақша тексеріле ме?
Туыстарының туған күніне, қайтыс болған отбасыға батаға деп аударылған қаражат Кірістер комитетінің назарына ілікпейді. Қаржы министрлігі жаңа жылдан бастап мобильді аударымдардың жіті тексерілетінін қазақстандықтардың есіне тағы бір салды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Жеке адамның шотына қатарынан үш ай бойы әр түрлі тұлғадан 100 рет ақша түссе және оның көлемі 1 миллион теңгеден асса, жасырын кәсіпкерлік қызмет белгісі бар ретінде қарастырылмақ. Бірақ, мәселен, қаңтар айында бір ай ішінде 100 аударым келіп түсіп, ақпан айында түсім легі күрт азайса, сәйкесінше, тексеріс те тоқтайды.
Сондай-ақ салықшылар әлеуметтік желіде мобильдік аударымның тексерісіне қатысты жұртты шулатып, теріс ақпар таратып жүргендерге қатаң жаза қолданылатынын ескертті. Әсіресе "жеке азаматтардың шоты бұғатталады, қала берді, сотталады" деген жалған мәлімет айтқандардың ізіне құзырлы органдар қазірден түскен. Себебі бірден шектеу шарасы ешкімге қолданылмайды, міндетті түрде ескерту, алдын алу сияқты түсіндірме жұмысы жүргізіледі, дейді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.







