АҚШ Ресейден тәулігіне 538 баррель мұнай сатып алып отырған

316
Биылғы екі айда күнбағыс майы 6,7 процентке қымбаттады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мамандарының тексеруі барысында жеті нысанның өзара уағдаласып, бағаны көтергені байқалған. Оларға ескерту жасалды. Десе де, қымбатшылықтың жалғыз себебі бұл емес. Сарапшылардың айтуынша, күнбағыс майына әлемдік нарықта сұраныс жоғары. Май өндірілетін шикізаттың бағасы бір жылда 53 процентке қымбаттап кетті. Оның үстіне былтыр отандық диқандар мол өнім ала алмады. Қамбада қор азайып қалған. Сондықтан бірқатар кәсіпорын өндірісті уақытша тоқтатты. Десе де, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда қаңтарда зауыттарымыз 42 мың тоннаға жуық өсімдік майын шығарды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 проценттей көп. 2020 жылы қаңтар мен желтоқсан аралығында 464 мың тонна өсімдік майын шығарды. Осылайша ішкі нарықты 75 процентін отандық өніммен қамтыды. Ал 25 проценті импорттың үлесінде.
 
Солтүстіктегі көрші елде де қант пен күнбағыс майы қымбаттап барады. Бір апта ішінде баға 1 проценттей өскен. Бұған дейін қымбатшылықты тоқтату үшін елдің үкіметі өндірушілер және дүкен иелерімен келісімге келген еді. Ол бойынша құмшекер көтерме саудада 205 теңгеден, ал күнбағыс майының литрі 540 теңгеден аспауы тиіс. Бағаны тұрақты ұстау үшін қант шығаратын кәсіпорындарға субсидия беру жоспарланған. Яғни мемлекет айтқан бағада ішкі нарыққа сатқан кәсіпкерге бір келі қант үшін 5 рубль төленеді. Төл ақшамызға шаққанда 28 теңге шамасында. Күнбағыс майын өндірушілерге де осындай жеңілдіктер қарастырылған. Ол 1 сәуірден бастап күшіне енеді және қыркүйекте аяқталады. Бұған қоса Еуразиялық экономикалық комиссия арқылы қант импортына баж салығын алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр. Ол 15 мамыр мен 31 тамыз аралығына енгізілуі мүмкін.

Бүгін нарықтағы баға айдарында еліміздің өңірлерінде күнбағыс майының литрі қанша тұратынына шолу жасаймыз.

Қазақстан бойынша күнбағыс майы арзан өңір Шымкент. Мұнда литрі 620 теңге шамасында. Ал Маңғыстаудың орталығында 650 теңгеден саудаланады. Орал дүкендерінде литрі 670 теңгеден. Елордада 10 теңгеге қымбат. Қостанай жұрты өсімдік майының литрі үшін 690 теңге төлейді. Атырауда 720-дан. Ел бойынша күнбағыс майы ең қымбат қала Алматы. Литрі 740-тан саудаланады.

Былтыр Америка Ресейден тәулігіне 538 мың баррель мұнай сатып алған. Осылайша АҚШ нарығына импортталған қара алтынның 7 проценті Ресейден жеткізілді. Яғни көрсеткіш соңғы он жылдан бері алғаш рет көбейді. Бұған дейін Америка нарығында ресейлік мұнайдың үлесі жарты проценттен аспаған. Блумберг агенттігінің мәліметіне қарағанда ресми Вашингтонның Венесуэлаға салған эмбаргосы және ОПЕК елдерінің қара алтын өндірісін азайту туралы шешімі АҚШ нарығында қара алтын тапшылығын туғызды. Сондықтан мұнай өңдейтін компаниялар санкцияға қарамай, керек шикізатты Ресейден алуға мәжбүр болған. Осылайша Ресей АҚШ-қа мұнай жеткізетін ірі үштікке кірді. Импорт бойынша көрші ел Сауд Арабиясынан да асып түскен. Негізі екі жылдан бері Вашингтон Мәскеудің «Батыс-2» жобасына кедергі жасап келеді. 2020 жылы Еуропа елдеріне газ жеткізетін құбыр құрылысына қатыспауды АҚШ конгресі де мақұлдаған болатын.
 
Былтыр әлемде тұрғын үй қымбаттады. Knight Frank зерттеу компаниясының мәліметі бойынша баға алты процентке өскен. Қымбатшылық әсіресе Түркияда тіркелді. Мұнда баспана құны кейінгі төрт тоқсанда да тоқтаусыз өсіп келеді. Сондай-ақ Жаңа Зеландия, Словакия және Ресейде үйдің шарықтап кеткені байқалады. Сарапшылар бағаға пандемия салдары және нарықтағы өзгерістер әсер етті дейді. Әсіресе ипотекалық қарыз үстемесінің төмен болуы жұрттың жылжымайтын мүлікке деген қызығушылығын арттырған. Оның үстіне карантиннен кейін азаматтардың арасында жер үйге сұраныс көбейді. Сондай-ақ үй мен кеңсені біріктіретін нысандарды іздеушілердің қатары артқан.  

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Еліміздің ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 423 теңге 36 тиынға бағалады. Еуро 499 теңге 9 тиынға тең. Ал ресей рублі 5 теңге 57 тиын деп белгіленді.