Еліміздің мектептеріндегі үздік спикерлер финалдық турнирде пікірталастырмақ

479
16-17 ақпанда 120 қазақстандық оқушы Астанада өтетін Ұлттық пікірсайыс турнирінің финалына қатысады, деп хабарлайды ақпарат агенттігі.



Бұған дейін Ұлттық пікірсайыс турнирінің аудандық, қалалық, облыстық кезеңдері өтті. Оған қазақ, орыс және ағылшын лигаларынан 43 мың оқушы қатысқан болатын. Финалға 120 спикер жолдама алды. Олар білім беру ұйымдарының 9-11 (12) сынып оқушылары.

Бағдарлама бойынша «Бірлік» танысу кеші, ынтымақтастыруға арналған тренинг, «Quiz, Please» ойын-сауық шарасы, турнир қатысушыларының әсері туралы блиц-сұхбат, экскурсия ұйымдастырылады, - дейді Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.

Ұлттық пікірсайыс турнирінің қорытынды кезеңі астанадағы әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында болады. Сайыстың барлық кезеңі америкалық парламенттік формат (AПФ) бойынша өткізіледі. Айта кетейік, қазіргі күні республика бойынша 6726 пікірсайыс клубы жұмыс істейді. Онда 120 мыңнан астам оқушы құқықтық мәдениетті, азаматтық белсенділікті, жауапкершілікті, шығармашылық және сыни ойлауды, командада жұмыс істеуді үйреніп жатыр.