Халықаралық «Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды
182 талапкер «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Стипендиаттардың басым көпшілігі жаратылыстану-техникалық бағыттар бойынша шетелде даярланатын болады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инженерлік-техникалық кадрларды даярлауға басымдық беріледі. Үміткерлерді қолдау үшін «Инженерлік-техникалық қызметкерлер» жаңа жеңілдік санаты енгізілді. Сонымен қатар біздің бастамамызбен медициналық қызметкерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді», - деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сәкенов.
Сондай-ақ, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 328 қазақстандық ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы бойынша грант иегері атанды.
Отандық ғалымдар инженерлік ғылымдар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру, агроөнеркәсіптік кешен, медицина және т.б. салаларда зерттеулер жүргізу үшін әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына жіберілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысуға құжат қабылдау төрт лекте өтеді.
Үшінші легі биылғы 7 шілдеге дейін жалғасады. Жыл соңына дейін тағы бір легі өтетін болады: 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында.
Ғылыми тағылымдама бойынша конкурстық іріктеуге қатысуға өтінімдерді қабылдау 2023 жылғы 28 тамыз бен 13 қазан аралығында жалғасады.
«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің және ғылыми тағылымдама бағдарламасы бойынша грант иегерлерінің тізімін мына сілтемеден жүктеп алуға болады.