Биыл мектептердің 80%-на дейін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады – министрлік
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша орта білім беру ұйымдарын жоғары жылдамдықтағы және тұрақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл интернетпен қамту 65%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бұл шара оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға және білім беру сапасын жақсартуға бағытталған.
Айта кетейік, министрлік қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту, желілік қамтуды кеңейту, деректерді беру жылдамдығын арттыру және шалғай, тұрғыны аз аудандарда интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету сияқты түрлі шараларды жоспарлауда.
Осыған дейін министрлік 5 425 мектептің жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылғанын мәлімдеген еді.