Оқу жылы басталғанға дейін жаңа форматтағы 20-дан аса мектеп ашылады
2026 жылға дейін 740 мың оқушы орнына арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Роман Склярдың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде 217 мектеп бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр.
Ұлттық жобаны іске асыру кезінде білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Онда заманауи техникалық құралдарды енгізу арқылы қауіпсіздік шараларын арттыру, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта құру және мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету көзделген.
Мектептерді салу барысында 70% қазақстандық өндіріс материалдарын, оның ішінде 90%-ға дейін отандық құрылыс материалдарын пайдалану көзделген. Жиһаздарды да тек отандық өндірістен алу қарастырылған.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, алғашқы нысандарды іске қосу белгіленген мерзімнен бұрын аяқталады. 21 жайлы мектеп тамызда оқу жылы басталғанға дейін ашылады. Қыркүйекте 18 мектеп, қазанда тағы 58 және жыл соңына дейін 112 мектеп ашылады. Сонымен қатар, елімізде түрлі қаржы көздері есебінен 85 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 8 мектеп пайдалануға берілді және 30-дан астам мектепті жаңа оқу жылы басталғанға дейін салу жоспарланып отыр.
Роман Скляр уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға отандық өндірушілерді барынша тарту, құрылыстың сапасын қатаң бақылау, белгіленген жоспарды ұстану бойынша шараларды қамтамасыз етуді тапсырды.