Қазақстандық оқушылар ең беделді халықаралық жарыста бес алтын медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасы физикадан ең беделді халықаралық білім додасында ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль жеңіп алған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімдері мен ғылыми даярлықтарын сынға салды. Қазақстандық жас физиктер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бес алтын медаль иеленді. Бұл – Қазақстанның IPhO олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.
Алтын медаль иегерлері:
Нұргүл Егенбергенова – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
Әмірбек Азатбеков – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы;
Ілияс Қазымбек – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;
Роман Черемнов – Алматы қаласындағы "Мирас" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
Дамир Құрман – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.







