Жезқазғанда «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңі өтті
Жезқазғанда «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңі өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жоғары интелектуалды қабілеті бар оқушыларды қолдауды мақсат еткен байқауда 34 талапкер білім бәйгесіне түсті. Ең жоғары нәтиже көрсеткен 5 оқушы республикалық кезеңге жолдама жеңіп алды. «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны – интелектуал оқушылар арасында ерекше танымал жоба. Жалпы облыс болып құрылғалы ұлытаулық оқушылар бұл сынға алғаш рет қатысып отыр. Сондықтан мектепішілік алғашқы іріктеу турына қатысуға тілек білдірген барлық оқушыға бірдей мүмкіндік берілді. Қалалық іріктеуде жүзден жүйрік шыққан 34 үміткер облыстық кезеңде бақ сынады.
Сайысқа қатысушылар 1 сағат 15 минут ішінде тест түріндегі 60 сұраққа жауап берді. Тест тапсырмалары мектеп бағдарламасына сәйкес жасалған. Сондай-ақ оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында экономика саласына қатысты сауалдар да болды.
Іріктеуге қатысқан 34 оқушының ішінен ең жоғары нәтиже көрсеткен 5 талапкер республикалық кезеңге жолдама алды. Оның үшеуі Сәтбаев қаласының оқушылары, қалған екеуі Жезқазған қаласы мен Жаңаарқа ауданынан. Олар енді Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының ақтық кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады.