Президент «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясының жұмысымен танысты

2 566

Фото:AqordaМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына барды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл жаңа заманауи білім және өнер ордасы 2025 жылдың мамыр айында пайдалануға берілген. Академияның басты мақсаты – өңір жастарының зияткерлік, шығармашылық және спорттық әлеуетін дамыту, олардың жан-жақты қалыптасуына жағдай жасау.

Президентке кешеннің жұмысы туралы баяндалды. Академия базасында бассейн, түрлі спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, шығармашылық студиялар және ғылыми-зертханалық кабинеттер орналасқан. Мұнда балалар мен жасөспірімдер өз қабілеттерін дамытып, жаңа жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие.

 Фото:AqordaОблыс әкімдігінің мәліметінше, Қызылорда өңірінде қосымша білім беру жүйесін дамыту бағытында бірқатар іргелі жобалар іске асуда.

2022 жылдан бастап Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі аудандарында жаңа Оқушылар үйлері мен Шығармашылық мектептері салынды.

Өткен жылы облыс орталығында заманауи Оқушылар сарайы ашылып, балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған алаңға айналды.

Сонымен қатар Қызылордада Кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандықтары бойынша құзыреттілік орталығының құрылысы жүріп жатыр. Ал Президент саябағында балалардың демалысын ұйымдастыруға арналған уақыт талабына сай сауықтыру лагері мен қысқы бақ салынуда.

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы бастамаларды жоғары бағалап, өңірде жастардың дамуына, жаңа буын мамандарды тәрбиелеуге және олардың шығармашылық әлеуетін арттыруға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.