Инклюзивті білім беру жүйесін дамытуда қандай кедергілер бар
Еліміздегі білім беру деңгейінің қарқынды дамуы нәтижесінде инклюзивті білім беру мәселесіне ерекше назар аударылып келеді.,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс» екенін айтып, еліміздегі әр жасөспірімнің сапалы білім алу құқығын толық жүзеге асыруға басымдық берді және инклюзивті білім берудің маңыздылығын айқындаған. Бұл тұрғыда Оқу-ағарту министрлігінің мәліметтеріне тоқталсақ, 2024 жылдың қортындысы бойынша республика мектептерінің 90 пайызында инклюзивті білім беруге қолайлы жағдай қамтамасыз етілген. Осы бағыттағы қадамдар мүгедектігі бар балалардың білімін шыңдауға, әлеуметтік бейімделу мүмкіндігін кеңейтуге септігін тигізіп жатыр. Қазақстандағы инклюзивті білім берудің жан-жақты дамуы әлеуметтік тұрақтылық пен әділеттілікті нығайтуда аса маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.
Жалпы, білім саласының бұл бағытында қол жеткен жетістік баршылық. Алайда, дамуды тежейтін негізгі факторларды талдап келгенде, әлі де шешілмеген мәселелер бар екені байқалған. Елімізде инклюзивті білім беру жүйесі мемлекеттік заң негізінде қорғалған, сондай-ақ Президенттің ерекше бақылауында тұр. Кейінгі жылдары мүгедектігі бар жандарға білім беру бойынша тиісті нормалар қабылданбақ. Олар ерекше білім беру тәсілдерін қажет ететін оқушылардың тек оқу және білім алу дағдыларын ғана дамытпай, когнитивті ойлау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ қоғамда жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағымды әсерін тигізбек.







