Қазақстанның жоғары оқу орындары әлемдік үздіктер қатарына енді
Қазақстанның Жоғарғы Оқу Орындары әлемнің ТОП университеттерінің қатарына енді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Халықаралық жоғары білімді бағалау саласындағы QS Quacquarelli Symonds агенттігі QS World University Rankings by Subject 2026 пәндік рейтингінің 16-шығарылымын жариялады.
2026 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындары халықаралық рейтингтердегі өз көрсеткіштерін жақсартып, аймақтық деңгейде жаңа тарихи нәтижеге қол жеткізген. Отандық университеттердің жаһандық білім беру кеңістігіндегі қатысуы кеңейе түсті. Бұл үрдіс ұлттық жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі артып келе жатқанын көрсетеді.
QS Quacquarelli Symonds агенттігінің пәндік рейтингтері 100-ден астам ел мен аумақтағы 1900 университет ұсынатын 21 мыңнан аса білім беру бағдарламасына жүргізілген тәуелсіз салыстырмалы талдау негізінде қалыптастырылған. Рейтинг 55 пәнді қамтып, бес негізгі бағыт бойынша бағаланады: «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Инженерия және технологиялар», «Өмір туралы ғылымдар және медицина», «Жаратылыстану ғылымдары», «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент».
Қазақстандық жоғары оқу орындарының негізгі нәтижелері:
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Орталық Азия жоғары оқу орындары арасындағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, «Білім беру және оқыту» бағыты бойынша әлемде 41-орынды иеленіп, жаһандық рейтингтің топ-50 қатарына енген.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы алғаш рет «Орындаушылық өнер» бағыты бойынша топ-100 қатарына кірген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) төрт салалық, 23 пәндік рейтингте ұсынылып, пәндік рейтингтердегі көрсеткіштер саны бойынша елдегі оқу орындарының көш басына орналасты. Одан кейін бір салалық және 15 пәндік рейтингте қатысқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕҰУ) орын алған. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАЗУ), Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өздерінің бейінді бағыттары бойынша жоғары нәтижелер көрсеткен.
Satbayev University 2026 жылғы пәндік рейтингтердегі жаңа позициялар саны бойынша елде екінші орынды иеленген.
«Қазақстан Орталық Азияда пәндік рейтингтердің топ-100 қатарына енген жалғыз ел болып отыр. Өңірдегі жоғары білім беру тарихындағы ең жоғары нәтиже – «Білім беру және оқыту» бағыты бойынша топ-50 қатарына ену – тек Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті үшін ғана емес, бүкіл ұлттық жоғары білім беру жүйесі үшін маңызды жетістік. Қазақстанның пәндік рейтингтердегі қатысуы 13 университетке дейін өсіп, олар 4 кең пәндік бағыт пен 27 пән бойынша 70 позицияға ие болды. Бұл – ел үшін рекордтық көрсеткіш», – деп атап өтті.







