Биыл облыстағы 89 білім беру ұйымына мемлекеттік аттестациялау жүргізілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Нәтижесінде, 44 білім ордасы аттестатталып, 45 білім беру ұйымы талапқа сай болмағандықтан аттестаттаудан өтпеді. Ал қалған 38 білім беру ордасына қайта қорытынды жасалды.
"Осы жылдың бірінші жарты жартыжылдығында барлығы 36 бақылау шарасы жүргізіліп, 17 білім беру ұйымында нұсқаманың орындалуы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Біздің департаментте екі мемлекеттік қызмет көрсету түрі жұмыс жүргізіледі. Осыған сәйкес, жыл басынан бері «Е-лицензиялау» порталына 41 өтініш келіп түсті. Оның ішінде лицензия алу бойынша - 9, лицензияның қосымшасын алуға - 29, қайта рәсімдеу бойынша - 3 өтініш қаралды. Жыл басында балалардың құқығын қорғау мақсатында білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жанынан мониторингтік топ құрылды. Мемлекеттік органдардың арасында байланыс орнату және бала құқықтарына қатысты сұрақтарды жедел шешу мақсатында «Жедел әрекет ету» чаты құрылып, жұмыс істеуде. Балаларға қатысты орын алған оқыс оқиғалар туралы ақпарат балалардың құқықтарын қорғау комитетіне жолданады", - деді департамент басшысы Ғалия Дәулетова.
Сондай-ақ, маусым-шілде айларында облыс аумағындағы мектептерде кешенді мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Тексеріс барысында білім ошақтарының материалдық-техникалық базалары, санитарлық тораптардың жәй-күйі, бейнебақылау және ішкі әжетханалармен қамтамасыз етілуі сынды бірқатар мәселелер зерделіп, алдағы жаңа оқу жылына дайындық барысы пысықталды.
"Облыс бойынша 8 кешкі мектептің жұмысына бақылау жасалған болатын. Анықталған оқылықтар облыстық білім басқармасына жолданды. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыс уақытын бес жұмыс күні ішінде 10 жарым сағаттық жұмыс уақытына ауысу бойынша жауапты басқармаға ұсыныс берілген болатын. Қазіргі таңда облыстағы барлық мемлекеттік балабақшалар 10 жарым сағаттық жұмыс режиміне ауысты. Алдағы уақытта білім беру ұйымдарында мемлекеттік бақылауды жалғастыру, ұлттық біліктілік тестілеу қорытындыларын нақтылау және педагогтардың жұмысқа қабылдау заңдылығы және олардың құқықтарының қорғалуы қадағаланады", - деді Ғалия Ноғайқызы.