ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ДӘСТҮРЛІ ФОРМАТТА БАСТАЛАДЫ

325
Фото: Қызылорда облыс әкімдігіОблыс бойынша бірінші сыныпқа құжат қабылдау аяқталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Осыған сәйкес, 2022-2023 жаңа оқу жылында аймақта 17 898 бала бірінші сыныпқа қабылданады деп күтілуде. 

Сондай-ақ, жаңа оку жылы дәстүрлі форматта басталады. Алайда, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірқатар шектеулер қойылуы мүмкін. 
 
-Мектепке құжат қабылдау электронды түрде және қағаз түрінде 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында өткізілді. Осы уақыт аралығында ата-аналардан 17 371 өтініш түсіп, оның барлығы өңделді. Жаңа оқу жылына қабылданатын оқушылардың 89,7 пайызы қазақ тілінде оқытылатын болады. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облысымыз республикада көш бастап тұр. Жалпы барлық беру ұйымдарында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте айта кетейін, алдағы оқу жылы дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Дегенмен, өңірдегі эпидахуалға байланысты бірқатар шектеулер болуы мүмкін, - деді басқарма басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов.


Бүгінде облыста «Мектепке жол»  республикалық акциясы жүргізілуде. Бұл акция 30 қыркүйекке дейін жалғаспақ. 
Жалпы өңірде осал топқа жататын 31 мыңнан астам бала болса, оның 13 мыңнан астамы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасынан.


-Акция «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» тақырыбымен өткізіледі. Қазіргі таңда қайырымдылық акциясын өткізудің өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған сәйкес міндетті оқу қоры есебінен көмек алатын оқушылардың тізімі жинақталуда. Ал мектеп формасына келетін болсақ, ата-аналар мен заңды өкілдер мектеп формасы туралы мәселелерді талқылауға қатысады және өз ұсыныстарын енгізе алады. Мектеп формасына өзгерістер енгізу туралы шешім мектеп жанындағы қамқоршылық кеңеспен келісу арқылы мекеме басшысымен бекітіледі. Егер арнайы форма жасақталмаған жағдайда оны сатып алу міндеттелмейді, - деді Бағдат Қамбозұлы.