Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігерді еске алуға арналған турнир ұйымдастырылды
171
Ұлттық құндылықтарымыз бен ел әлеуетін жаңғырту жолында ерен еңбегімен есте қалған аға-апаларымыздың есімін жаңғыртып, рухын ұлықтау «рухани жаңғыруымыздың» басты бағыттарының бірі,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Осы мақсатқа орай, үлкен бір ұжымды басқара жүріп, тал бойына біткен нәзіктігін сақтап, адамгершілік қағидасын биік ұстап, қай ортада жүрсе де өзінің байсалды, сабырлы қалпынан таймаған, білікті, антына адал дәрігер, байыпты жандардың бірі де, бірегейі деп – Мақашева София Өтегенқызын мақтанышпен айтуға болады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық медицина қызметкерлері ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» София Өтегенқызы Мақашеваның есімін қайта жаңғырту мақсатында ардагерлер мен медицина саласының қызметкерлері арасында бильярдтан турнир өткізілді.
Шараның ашылуында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Пазилов Сабит Бексеитұлы, медицина саласының ардагері Маханов Тұрғанбай Маханұлы және София Мақашеваның туысы, көпбейінді облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі Бисенбаева Рабиға Мүбаракқызы додаға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Екі топқа бөлініп жарысқан тартысты ойын қорытындысында І орынды «Ардагерлер» тобынан Зинабдин Шермағанбет, ІІ орынды Төребаев Шакизат Хамитұлы, ІІІ орынды Әмірғалиев Әбдіғаппар Әмірғалиұлы иеленсе, «Медицина қызметкерлері» арасынан І орынды орталық қалалық емхананың узист дәрігері Қайрат Жұмағұлов, ІІ орынды көпбейінді облыстық аурухананың сарапшы дәрігері Кенжебаев Сұлтанбек Айбасұлы, ІІІ орынды облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Әбләзім Әбдіғабит Әбләзімұлы қанжығаларына байлады.
Турнир жеңімпаздарын облыстың бас дәрігері Сабит Бексеитұлы, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, денсаулық саласының ардагері Маханов Тұрғанбай Маханұлы және облыстық медицина қызметкерлері ардагерлер Кеңесінің төрайымы Көзденова Раиса Әбдешқызы марапаттады.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен ардагерлер естелік суретке түсті.
Мақашева София Өтегенқызы туралы толығырақ мәлімет берер болсақ, өзінің еңбек жолында Шиелі, Сырдария аудандық денсаулық сақтау бөлімдерін басқарған София Өтегенқызы 1952 жылы Қызылорда фельдшерлік – акушерлік мектебінің директоры болып, болашақ медицина қызметкерлерін даярлау ісіне де үлес қосты.
1952 жылдан бастап облыстың денсаулық сақтау саласын үздіксіз 30 жыл басқарды. Бұл жылдары София Өтегенқызы саланы өрге сүйреп, облыс медицинасының дамуына, қалыптасуына айрықша үлес қосып, екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин», «Октябрь революциясы» ордендерімен және бірнеше медальдарымен марапатталған.