Коронавирусты маусымдық ішек инфекциясынан қалай ажыратуға болады

350

Фото: pixabay.comМедицина ғылымдарының докторы, эпидемиолог Сәкен Әміреев коронавирусты маусымдық ішек инфекциясынан қалай ажыратуға болатынын айтып берді.
Эпидемиологтың сөзіне сенсек, коронавирус пен ішек вирусы бастапқы кезінде ұқсас болуы мүмкін. Себебі, олар жұғады. 


"Ішек инфекциясы фекальды – оральды жолмен, яғни адамнан адамға кір қолдан немесе жуылмаған жеміс-жидек, тамақ арқылы жұғады. Ал, коронавирус инфекцияның бірнеше таралу жолы бар. Атап айтар болсам, фекальды – оральды және тыныс алу жолдары арқылы. Аурудың алғашқы күні екеуінің белгілері ұқсас болуы мүмкін. Іштің өтуі, дене қызуының көтерілуі, асқа тәбетің болмауы, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік. Коронавирус та дәл осылай басталады", - деп түсіндірді ол. 


Маманның айтуынша, ішек инфекциясына шалдыққан науқас ем қабылдағанан кейін бірнеше күнде өзін жақсы сезінеді. 


"Коронавирус жұқтырған адамда жөтел, қалтырау, буын аурулары мен дәм сезбеу белгілері пайда болады. Коронавирус ас қорыту, тыныс алу жүйесіне әсер етеді", - деп атап өтті ол.
 Сонымен қатар, эпидемиолог ішек инфекциясы маусымдық ауру екенін еске салды.


 "Ауру дене қызуының көтерілуінен, жүрек айнуынан, диареядан басталады және жеті күнге дейін созылады. Негізінен балалар ауырады. Бұл ауру да адам өміріне қауіп төндіреді. Вирус суда 60 тәулікке дейін тіршілік етеді. Сыртқы ортада, құмда, ашық беттерде, тұрмыстық заттарда бір ай өмір сүреді. Сондықтан ата-ана баланың жеке гигиенасын үнемі қадағалап, үйді таза ұстауы керек", - деді Сәкен Әміреев. 


Эпидемиолог Қазақстанда ішек инфекциясына қарсы екпе ұлттық вакцинация күнтізбесіне енгізілмегенін айтты. 


"Көрші Өзбекстанда ішек инфекциясына қарсы вакцинация міндетті кесте бойынша жүргізілді. Осылайша, олар аурудың күрт төмендеуіне ие. Бұл вакцина біздің ұлттық вакцинация кестесінде жоқ. Бұл мәселе жақын арада шешіледі деп ойлаймын. Себебі, ішек инфекциясы әр бір екінші балада кездеседі. Әсіресе, жаз айларында. Барлық вакцина ауыр аурулардың алдын алуға бағытталған", - деп қосты ол.