Елімізде дәрігерлердің жүктемесін азайту ұсынылды

1 730

ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов «Jibek Joly» телеарнасының көшпелі студиясына берген сұхбатында отандық дәрігерлерге жүктелетін міндеттерді азайту керектігін айтып, мәселені шешудің жолын ұсынды, - хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«Денсаулық сақтау саласында орталықтандырылған ақпараттық жүйе болу керек. Сол арқылы дәрігер қажет ақпаратты бір жерден, тез таба қояды. Сосын науқас туралы ақпаратты жүйеге дәрігер енгізіп отырмау қажет. Ол үшін медбикенің болғаны жөн, ал дәрігер пациентпен айналысуы керек. Ол үшін медбикелердің саны арттырып, штатты кеңейткен жөн. Сонымен қатар дәрігерлердің мойнына артылатын жүктемені азайту керек. Сәйкесінше дәрігердің науқасты қарау уақыты ұзарады», - деді Асхат Аймағамбетов сұхбат барысында.


Комитетінің басшысы келтірген мәліметке сәйкес, МӘМС қоры жалпы төлемдердің 10%-н ғана тексерген. Соның өзінен 52 мыңнан астам жалған тіркеу анықталған.


«Ол дегеніміз қаржы қарастырылады, ал іс жүзінде ол қызметтер көрсетілмеген. Бұл жерде мәселе тарифке байланысты. Біз дәрігерлердің жалақысын көбейттік. Бұл оң шешім. Әр медициналық мекеме бөлінетін тариф бар, оны пропорционалды түрде көтеру керек еді. Яғни дәрігерлердің айлығы өсті, ал медициналық тариф сол күйінде қалды. Оның зардабын тартатын қарапайым халық, науқастар. МӘМС жүйесінде жалған тіркеу немесе көрсетілмеген қызмет үшін жауапкершілік қарастырылған. Осы орайда жауапкершілікті арттырып, айыппұл жағын қайта қарауымыз керек. Сол сияқты тарифті пропорционалды түрде өсіру қажет», - дейді ол.


Бұған дейін Асхат Аймағамбетов отандық денсаулық сақтау саласында біркелкі ақпараттық жүйенің жоқтығын айтқан еді.