Қазақстанда шетелдік азаматтарды емханаға тіркеу ережесі өзгерді

1 590

Биыл еңбек мигранттары – шетелдіктерді емханаға тіркеу ережелері өзгерді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалына сілтеме жасап.


Еңбек заңнамасы және Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты емханаларға тіркелу ережелері мен иммигранттарға медициналық көмек көрсету ережелері өзгерді.


Бұйрықтарға енгізілген өзгерістер тек ЕАЭО-ға мүше елдердің (РФ, Беларусь, Қырғызстан, Армения) бірінің азаматтығы бар, ҚР-да уақытша тұратын шетелдіктерге – еңбек мигранттарына және олардың отбасы мүшелеріне (балалары мен жұбайларына) қатысты.


Жаңа қағидаларға сәйкес, бұл шетелдіктер емханаға ерікті медициналық шарт (ЕМС) немесе алғашқы медициналық-санитариялық және шұғыл стационарлық көмекке жүктелген медициналық сақтандыру шарты (ЖМС) негізінде тіркеледі. Кейін шарт жасасқан мерзімі өткен жағдайда медициналық ұйымнан автоматты түрде шығарылады.


Емханаға тіркелу үшін оның басшысының атына қазақ немесе орыс тілінде еркін түрде өтініш жазу қажет. Өтінішпен бірге жеке басын куәландыратын құжатты (немесе шетелдік паспортты), ЕМС немесе ЖМС шартын тапсырады. Олардың заңды өкілі өтініш берсе, отбасы мүшелерінің келісімі қоса берілуі керек. Өтініш беруші медициналық ұйымға өзі жүгіне алады немесе оны сақтандыру компаниясы жасайды.


Тіркелуге болатын емханалардың тізімі шарттың қосымшасында (ЕМС немесе ЖМС) көрсетілуі тиіс.


Айта кету керек, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шартқа отырған алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға тіркелуге болады. ЕАЭО шартында шетелдіктердің денсаулық сақтау саласындағы құқығы ғана емес, міндеттері де жазылған. Олардың қатарына ауруларды ерте анықтау үшін профилактикалық скринингтерден уақытылы өту, әйелдерді жүктілік бойынша уақытылы есепке қою (12 аптаға дейін), созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды динамикалық байқау және т.б. кіреді.


Сондай-ақ Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктер айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде көрсетілетін медициналық көмекті қоспағанда, республикада тұрақты тұратындарға ғана көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде медициналық көмек ала алмайды.


Қазақстан азаматтары, қандастар және ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер үшін емханаға тіркелу тәртібі өзгеріссіз қалады.