Жалған қабылдау дерегі расталған медициналық ұйымға үш есе мөлшерде айыппұл салынады

2 524

Фото: FreepikҚР Денсаулық сақтау министрлігі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі қаражаттың ашық жұмсалуына қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


«МӘМС-тің қазақстандық моделі ынтымақтастық және әлеуметтік жауапкершілік қағидаты бойынша қызмет керсетеді. Мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар МӘМС-ке жарналар мен аударымдар жасайды, осылайша әркім өзінің жауапкершілік аймағын сақтайды. Жарналар мен аударымдар ҚР Ұлттық банкіде ашылған арнайы шотқа түседі (яғни, тікелей Қорға емес), олар басқа мақсаттарға жұмсалмайды. Ұлттық банктегі арнайы шоттан бұл қаражат медициналық ұйымдарға, яғни МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтерге төлем ретінде жіберіледі. Сақтандырылған азаматтар МӘМС тізбесіне енгізілген барлық қажет медициналық көмекті денсаулық көрсеткіштері бойынша тегін алады, олар үшін Қор төлейді. Қор тұрақты түрде шарт жасасқан медициналық ұйымдардың ТМККК және МӘМС жүйесі аясында қызметтерді сатып алу шартының талаптарын орындау барысына мониторинг жүргізеді», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында. 


2021-2023 жылдар аралығында мониторинг нәтижесінде:

– 2021 жылы – 25,7 млрд теңге сомасына 1,1 млн кемшілік; 

– 2022 жылы – 20,6 млрд теңге сомасына 2,5 млн кемшілік;

– 2023 жылы – 28 млрд теңге сомасына 4,6 млн кемшілік анықталды.


«2023 жылы консультациялық-диагностикалық көмек (8,1 млрд теңгеге 3,1 млн кемшілік) және стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету барысында ең көп осындай жағдай (6,2 млрд теңге сомасына 70 мың кемшілік) анықталды. Азаматтар барып алмаған медициналық қызметтің орнына «қызмет көрсетілді» деген жазбаны анықтаған бойда - Қорға жүгіну керек. Көптеген азамат «жалған қабылдаулар» туралы әлеуметтік желіге жазады. Бірақ онда қалдырған хабарламалар мен пікірлер ресми тексеруге негіз бола алмайды. Жалған қабылдау дерегі расталған жағдайда, Қор медициналық ұйымға үш есе мөлшерде айыппұл салады. Бұл қаражат қайтарылады да, ақша қайтадан сақтандырылған азаматтарға көрсетілген медициналық  қызметтерді төлеуге жұмсалады», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.