Үкімет денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасын қабылдады
2 523
Бүгін Үкімет отырысында ҚР денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Президенттің қолдауы арқасында, соңғы 5 жылда 400-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды. 261 млрд теңгеден астам сомаға медициналық жабдық сатып алынды. Қазірдің өзінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық елді мекендерде жаңа объектілер салу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 556 нысан салынады. Дегенмен әлі де көп нәрсе істелу керек. Ауруханалардың, емханалардың, университеттердің материалдық-техникалық базасын жақсартатын боламыз», - деп атап өтті Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Оның атап өтуінше, бұл пациенттер мен персонал үшін қажетті жағдай жасауға және емдеудің жаңа технологиялары мен әдістемелерін дамытуға мүмкіндік береді.
«Осыған орай бүкіл денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жаңартуды, жаңа техникамен жарақтандыруды әрі медицина кадрларын даярлауды көздейтін ұзақ мерзімді тұжырымдама қажет. Бүгін министрлік ұсынған тұжырымдама жобасында денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытудың тұтастай көзқарасы қалыптастырылған. Сондай-ақ, ауылдарға ғана қатысы бар ұлттық жобадан басқа, жаңа, негізгі денсаулық сақтау объектілерін салудың тізбесі айқындалған. Бұл Балалар онкологиясы мен гематологиясы ұлттық орталығы, балалар кардиохирургиясы орталығы, өңірлердегі университеттік көп бейінді ауруханалар», - деді ол.
Үкімет басшысы аталған нысандардың таяу арада салынатындығын айтты.
«Аталған нысандарды салу кезінде құрылыс материалдарын, жиһаздар мен жабдықтарды шығаратын отандық өндірушілерді барынша тарту қажет. Бұл өңірлердің экономикасына да оң әсерін ететіндігі сөзсіз», - деді Олжас Бектенов.
Осыдан кейін Үкімет мүшелері тиісті қаулыға дауыс беріп, тұжырымдама жобасы қолдау тапты.