Депутаттар медицинаға салынатын салықты жеңілдетуді ұсынды

2 610

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметіМәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Салық кодексі жобасын талқылау барысында медицина және әлеуметтік салаға салықтық жеңілдіктер қарастырылуы керектігін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennew.kz" ақпарат агенттігі.



Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар ауруларға арналған дәрі-дәрмектерге қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізбеу ұсынылуда.

"Біздің Комитеттің бір топ депутаттары әлеуметтік маңызы бар ауруларға арналған дәрі-дәрмектерге қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізбеуді ұсынып отыр. Оларға онкологиялық, сирек кездесетін (орфандық) аурулары бар науқастарға, паллиативтік көмекке, қант диабеті, сондай-ақ бірқатар аутоиммундық және басқа да әлеуметтік маңызы бар ауруларға арналған дәрілер жатады”, – деді ол.  

Қалған медициналық бағыттар бойынша ҚҚС мөлшері 10% болуы мүмкін.  Қазіргі таңда медициналық қызметтер қосылған құн салығынан босатылған, алайда Үкімет бұл салаға 10% мөлшерінде салық енгізуді ұсынды.

"Қазіргі уақытта кейбір бағыттарды – онкология, паллиативтік көмек (хоспистер), инсульттен кейінгі оңалту, босандыру және басқа да әлеуметтік маңызы бар медициналық қызметтерді ҚҚС-тан толық босату мүмкіндігі талқылануда”, – деп мәлімдеді Аймағамбетов.  

Дегенмен депутаттар бұл көрсеткішті кезең-кезеңімен көтеруді ұсынуда.


"Біз салық мөлшерлемесін бастапқыда 5% деңгейінде белгілеп, оны жыл сайын кезең-кезеңімен 10%-ға дейін арттыруды ұсынамыз. Мұндай біртіндеп енгізу тәсілі медициналық мекемелердің жаңа жағдайларға бейімделуіне мүмкіндік береді”, – деді ол.  

Депутаттың айтуынша, салық жүктемесінің бірден 20%-ға артуы медицина саласы үшін ауыр болмақ.

"Біз ашық диалогқа дайынбыз және ең теңгерімді әрі әділ шешімдерді табу жолында жұмыс істей береміз”, – деді Асхат Аймағамбетов.  

Қазіргі уақытта бұл нормалар бойынша нақты шешімдер қабылданған жоқ, талқылау әлі де жалғасуда.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.