ДДСҰ дабыл қақты: Масалар арқылы таралатын вирус 5,6 млрд адамға қауіп төндіруі мүмкін
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) маса арқылы жұғатын чикунгунья вирусы тарағанын хабарлады. Мамандар дер кезінде шара қолданбаса, 2004-2005 жылдардағы эпидемия қайталануы мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда. Reuters басылымының жазуынша, вирус осы жылдың көктемінде өрши бастаған - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
ДДҰ өкілі Диана Рохас Альварес әлем бойынша 5,6 миллиард адамға вирус жұқтыру қаупі төніп тұрғанын айтады.
Альварестің айтуынша, жаңа індет Үнді мұхитындағы Реюньон, Майотта және Маврикий аралдарынан тараған. Тек Реюньонда вирусты халықтың үштен бір бөлігі жұқтырған. Вирус сонымен қатар Мадагаскар, Сомали, Кения және Оңтүстік-Шығыс Азияда, соның ішінде Үндістанда тез таралуда.
Ал мамыр айынан бері Францияға 800-дей адам вирус жұқтырып келген, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың арасында 12 жағдай тіркелген. Ол адамдар вирусты елден шықпай-ақ жергілікті масалар арқылы жұқтырған. Соңғы жағдай Италияда анықталды.
Чикунгунья негізінен Aedes масаларының, соның ішінде денге мен Зика жұқтыратын жолбарыс масаларының шағуы арқылы таралады. Вирустың арнайы емі жоқ, тез өршіп кетуі мүмкін. Бұл масалар күндіз белсенді болатындықтан, одан репелленттер мен жабық киімдер арқылы қорғануға болады.
ДДҰ тағы бір жаһандық індет таралмауы үшін әлем елдерін белсенді профилактикалық шаралар қабылдауға шақыруда.







