Отандық компания қазақ тілінде жұмыс істейтін медициналық аппарат шығарды
Қазақстандық мамандар Ультра дыбыстық зерттеу аппараттарының бағдарламалық жасақтамасын жасап, оны кореялық Samsung компаниясымен біріге отырып іске қосты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл аппарат аурудың белгілерін бірден анықтап, оның алдын алуға таптырмас мүмкіндік береді. Отандық зауытта жасалған аппарат – қазақ тілінде қолдануға және қызмет көрсететін әлемдегі алғашқы ультрадыбыстық жабдық.
Heka U7 – 12 тілді, оның ішінде қазақ тілін қолданатын аппарат. Мемлекеттік тілде қызмет ететін басқару панелі бар. 23,8 дюймдік мониторға қоса, 14 дюйм сенсорлық экран орнатылған. Ерекше эргономикалық дизайнда жасалған және 5 белсенді порты бар. Эластография мен Элостометрияның толық пакеті және S-vue технологиясы бойынша жұмыс істейтін монокристалды белгішелер орнатылған.
Тағы бір маңызды мәлімет, Қазақстанда бұл аппаратты жүкті әйелдердің скринингі кезінде қолдануға болады. Қазір компания бір жыл ішінде шамамен 150 ультрадыбыстық аппаратты елде қолдануға бермек. Алдағы уақытта көрші елдерге экспорттауды жоспарлап, жылына 300-ге дейін аппарат шығаруды көздеп отыр.
Айта кету керек, жаңа аппаратты қазақстандық Ordamed компаниясы өзінің алғашқы Ультра дыбыстық зерттеу аппараттарын Samsung компаниясының технологиясын қолдана отырып жасап шықты. Компания мамандары жасанды интеллект және көлемді сканерлеу технологиялары бар мемлекеттік тілдегі ультрадыбыстық жүйелерге арналған бағдарламалық жасақтаманы әзірлеген. Heka U7 аталатын жаңа аппарат мамырдың 17-19 аралығында Сеулде өткен KIHE "Халықаралық денсаулық" көрмесінде таныстырылып, қонақтар оны сынақтан өткізіп көрді.
Мамандардың сөзінше, Heka U7 көп мүмкіндікке ие функциясы мен ыңғайлы интерфейсі медицина қызметкерлерінің күнделікті ультрадыбыстық зерттеулерін айтарлықтай жеңілдетпек. Аппараттың басты ерекшелігі енді оны қолдану үшін өзге тілді үйренудің қажеті жоқ. Оның барлық қызметі қазақ тіліне көшірілген. Бұдан бөлек, жаңа технология Samsung құралдарымен трансфер жасауға мүмкіндік береді. Оның бағдарламасын үнемі жаңартып отыруға болады. Осылайша, жыл өткен сайын бағдарламалық жасақтамасын да, визуализациясын да үнемі жаңалап отырады.
Функционалдық жағынан да Heka U7 – әмбебап жүйе. Себебі клиникалық зерттеудің кең спектрін ашып, толық зерттеу жасауға мүмкіндік береді. Әртүрлі әрі күрделі клиникалық жағдайларды диагностикадан өткізетін құралдармен жабдықталған.
Жаңа аппараттың шығуына бірден бір себеп 2023 жылы 13-14 сәуірде Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр үкіметтік сапармен Сеул қаласына барады. Осы сапар аясында қазақстандық Ordamed компаниясымен кореялық Samsung Medison компаниясы өзара технологиялармен алмасу туралы келісімге қол қойып, ультрадыбыстық аппараттар өндірісін жергіліктендіру процесін бастайды.
Ordamed елімізде заманауи медициналық жабдықтарды өндіреді. Компания кореялық жетекші өндірушілермен серіктесе отырып, жоғары сапалы медициналық жабдықтар желісін құрды. Медициналық жабдықтың негізгі бөліктерін кореялық серіктестері, яғни Samsung Medison, JW Bioscience, Bionet Co. Ltd., Genoray Co. Ltd. компаниялары шығарады.
Ал Ordamed осы жабдықтардан Қазақстан нарығына қажетті аппараттарды саралап, бағдарламалық әзірлемесін жасап шығады. Қазіргі таңда компания 3000-нан астам өнімді шығарып отыр. Ordamed медициналық мекемелерді кешенді жабдықтау, медициналық жабдықтарды монтаждау және техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ ЕПҰ-ны шығын материалдарымен қамтамасыз ету сынды жұмыстармен айналысады.
Әлемдегі экономикалық жағдайға және басқа факторларға байланысты логистикалық проблемаларға қарамастан, Ordamed өз технологияларын әрі қарай да дамыта бермек. Қуаныштысы, жақын арада компания 70-тен астам жаңа жабдық ұсынуды жоспарлап отыр.