Қазақстандағы балалар онкологиясы қай деңгейде?
Қазақстанда қатерлі ісікпен күрес тоқтаған жоқ. Бірақ бұл күрестегі басты қару — уақыт. Ерте қойылған диагноз бен дер кезінде басталған ем — баланың өмірін сақтап қалатын шешуші фактор, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Әлтайырдың үміті
Петропавл қаласының кішкентай тұрғыны Әлтайыр Еркебұланға 2023 жылдың соңында лейкоз диагнозы қойылған. Бәрі қарапайым ангинадан басталған. Анасы Меруерт Тәліпованың айтуынша, денесінде көгерулер мен қызыл дақтар пайда бола бастағаннан кейін ғана диагноз нақтыланған.
Емнің алғашқы кезеңінен кейін баланың жағдайы жақсарғанмен, 2025 жылы рецидив тіркелді. Отбасы шетелден көмек іздеуге мәжбүр болды. Қытайлық клиника баланы CAR-T терапиясымен емдеуге келісім берген, бірақ ем құны — 170 миллион теңге. Қазір бала ем алып жатыр, жағдайы тұрақты. Бірақ отбасына қайтадан қаржылық көмек қажет.
Жыл сайын – 600 жаңа жағдай
Әлтайыр — жалғыз емес. Қазақстанда жыл сайын 600-ге жуық балаға қатерлі ісік диагнозы қойылады. 2025 жылдың алғашқы алты айында 280 бала онкологиялық есепке алынған.
Балалар арасында жиі кездесетін онкологиялық аурулар:
- Жедел лейкоздар
- Орталық жүйке жүйесінің ісіктері
- Лимфомалар
- Нейробластома
- Жұмсақ тін саркомалары
Қазақстан қай деңгейде?
Соңғы 10 жылда елдегі балалар арасында қатерлі ісікке шалдығу деңгейі тұрақты. Бұл көрсеткіш әлемдік деңгейден төмен, дегенмен кей өңірлерде жоғары: ШҚО, Павлодар, СҚО, Ақтөбе, Қызылорда және Жетісу облыстары.
Онкология саласында бірқатар заманауи технологиялар енгізілді: ПЭТ-КТ, МРТ, молекулярлық-генетикалық тестілеу, таргеттік және иммунотерапия. Еліміздің онкоорталықтары халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді.
Бес жылдық өмір сүру көрсеткіші бұрын 30% болса, қазір 57%-ға, ал кейбір балалар ісіктерінде 70%-ға дейін жеткен. Бұл — үміт бар деген сөз.
Шетелге неге барады?
Ата-аналардың шетелге ем іздеуі — медицинаға сенімсіздік пен арнайы емдеу тәсілдеріне қолжетімділіктің шектеулі болуымен байланысты. Кейбір инновациялық емдеу әдістері (мысалы, CAR-T терапиясы) әлі елімізде кең қолданыс таппаған.
Алдын алу — маңызды
Жастар мен балалар арасындағы онкологиялық аурулардың көбеюі — өмір салты, экология, генетикалық факторларға байланысты. Маман пікірі бойынша, алдын алудың тиімді жолдары:
- Папиллома вирусына қарсы екпе
- Салауатты өмір салты
- Темекі мен алкогольден бас тарту
- Тұрақты тексерулер
Қатерлі ісік — үкім емес. Ерте диагностика мен дұрыс ем — баланың өмірін сақтаудың кілті. Қазақстанда онкологиямен күрес бір орында тұрған жоқ. Бірақ әлі де уақытылы диагноз қою, емнің қолжетімділігі мен сенімді арттыру — басты міндет болып қала береді.
Тағы да оқыңыздар
