Медицина қызметкерлеріне қол көтергендер 12 жылға дейін сотталады

1 514

Фото: egemen.kzМәжіліс медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін заңды екінші оқылымда қабылдады,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Заң аясында Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бап енгізіледі. Оған сәйкес дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем жүргізушілеріне күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту қылмыс болып танылады.

Өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолдану фактісі үшін айыппұл салу, қоғамдық немесе түзету жұмыстары, сондай-ақ 2–3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген. Егер ауырлататын мән-жайлар болса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін күшейтіледі.

Ал өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану жағдайында кінәлілер 5 жылдан 10 жылға дейін, ауыр жағдайларда 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне күш қолдану қаупін төндіру дерегі үшін де жеке жауапкершілік енгізіледі. Бұл жағдайда айыппұл салу, қоғамдық жұмысқа тарту немесе 2–3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.

Заң жобасын Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне қатысты шабуылдар жиілегеннен кейін әзірлеуді тапсырған.