Қазақстанда цифрлық логопед жобасы әзірленеді

2 515

Фото:© depositphotos.comҚазақстанда 1,5-6 жас аралығындағы тілі кешеуілдеп шығатын балаларға арналған цифрлық платформа іске қосылуы мүмкін, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Мамандар балалардың сөйлеу дамуы мәселесі әлі де өзекті екенін айтады. Әлемде балалардың шамамен 30 пайызы кеш сөйлейді, ал Қазақстанда мұндай қиындық әрбір төртінші балада кездеседі. Оолқылықтың орнын толтыру мақсатында AR SANA жобасы іске қосылған.

Жоба аясында екі платформа әзірленген. Оның бірі - логопедтерге арналған AR SANA LAB жүйесі. Бұл платформа арқылы мамандар баланың даму динамикасын бақылап, жеке жаттығулар ұсына алады. Екіншісі - балаларға арналған мобильді қосымша. Онда логопедиялық тапсырмалар ойын форматында беріліп, баланың қызығушылығын арттыруға бағытталған. Жоба авторлары бастаманың шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жасалғанын айтады.

- Идея алдымен «Болашақ» бағдарламасымен Нью-Йорк университетінде оқып жатқан Айнұр Нұрәділге келген. Оның 15 жылдық тәжірибесі бар. Ол шетелдегі білімін Қазақстанда дамытқысы келеді. Алдымен ата-аналармен байланыстық, мәселелерді зерттедік. Осылайша, стартапқа кірістік, - дейді жобаның менеджері Нұрай Кинетова.

Жүйеде жасанды интеллект технологиялары қолданылған. Қосымшада мыңдаған сөйлеу үлгілері жинақталып, арнайы анимациялар арқылы ұсынылған.

-17 мыңнан астам сөйлеу үлгілері бар. Жасанды интеллект іске қосылған. Анимациясына да ұзақ уақыт жұмсалды. Сана деген цифрлық логопед бар. Алдағы уақытта Әміртай деген қатарға қосылады, -деді жобаның әзірлеушісі Самир Хайргелдин.

Жобаны алдағы уақытта халықаралық ұйымдармен бірлесіп сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, оны ЮНИСЕФ және «Асыл мирас» қорымен бірге пилоттық режимде іске қосу көзделген. Жоба авторларының айтуынша, бастама қазірдің өзінде мамандар мен инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр.

- Шымкентте өткен «Digital Qazaqstan - 2026» форумында жобаға қызығушылар көп болды. Шара аясындағы байқаудан ІІІ орын алып, 3 млн теңге қаржылай жүлде алдық. Инвесторлар тарапынан ұсыныстар бар. Алдағы уақытта солармен жұмыс істейміз, - деді Нұрай Кинетова.