ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ МЕКЕМЕСІНІҢ КРЕДИТОРЛЫҚ ҚАРЫЗЫ БАР
Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласына қарасты жедел жәрдем мемлекеттік мекемесінің 800 миллион қарызы бар деген жазба жарияланып, халық арасында қызу талқыға түсті, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
"Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы"-ның кредиторлық берешегі бар деп Instagram парақшасына жарияланған болатын.
«Жедел жәрдем 800 млн. аса ақша қарыз екен, кімге қарыз, неге қарыз? Бұл мекемені неге антикор тексермейді? Енді бұл қарызды қайтару үшін мекеме қызметкерлердің (ред.) сағатын қысқартып, 2 адамның орнына 1 адам жүргізетін болады. Сонда 1 адам тяжелый вызовта қандай көмек көрсете алады? Неге халық сапалы медициналық көмек көрмейді? Бұл жемқорлық қашан бітеді? Жаңа бастық барып неге проблеманы шешпей отыр? Облздрав, министерства, акимат қайда қарап отыр?» ,- деген жазба қалдырылған.
Мемлекеттік мекеменің берешегі бар екендігін бас дәрігер жасырмады. Тіпті 2- 3 жылдық қарыз екендігін алға тартып, қарыздан құтылу жоспарын қарастыру үстінде екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда кәсіпорынның кредиторлық қарызы бар екендігі жоққа шығарылмайды, алайда берешек 800 миллионнан төмен мөлшерде. 2022 жылдан бастап тарифте экологиялық коэффициенті төмен екені дәлелденіп, төлем жұмыстарын жүргізуге жұмыстар жасалуда. Қазіргі таңда қызметкерлердің жалақысына, зейнеткерлі аударымдары, МӘМС аударымдары бойынша қарыз жоқ. Кәсіпорын тарапынан кредиторлық қарызды өтеу бойынша жұмыстар жұмысшылардың жұмысына және жалақы беруге кері әсерін тигізбеу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. ҚР ДСМ 225 бұйрығы бойынша топтардың жұмыс уақыты мен көлемі жаңадан қарастырылуда. Аталған бұйрыққа сәйкес күндізгі уақытта жеңіл шақырыстарға 1 фельдшер, ал ауыр дәрежелі шақырыстарға толық бригада барады. Соңғы уақытта жедел-жәрдем бригадасының кешігуі эпидахуалға байланыст. Сол себепті 103 орталық пультінде кеңесші дәрігерлер қосымша жұмыс жасауда. Дәрі -дәрмек қоры бекітілген хаттамаларға сәйкес қамтылуда. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан министрлікке хат жолданып, облысқа берілетін тарифті жоғарылату үшін тиісті шаралар жүргізілуде. Алдағы жылы қарыздан құтылу қарастырылуда.», - деді Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Бауыржан Төлегенұлы.
Қарызға батқан мекеменің берешегі дер кезінде төленбеу себебін, ақшаның аз бөлінуімен байланысты деп түсіндіреді. Мекеменің берешек сомасының нақты қанша және қашан өтейтіні белгісіз. Себебі жаңа лауазымға тағайындалған бас дәрігер ашығын айтуды жөн санамады. «Ауруын жасырған аңдамай өлер» демекші берешегін бүркемелеген мекемелер бәлкім жетіп-артылар... Тіпті аймақ басшысы қарызы бар мемлекеттік мекемелердің басшыларына қатаң сөгіс жариялағаны да белгілі. Алайда «Енесі тепкен қозының еті ауырмас» демекші, басшылардың басы қатып жүргенін байқамадық...