Мәжіліс ветеринария мамандарын әлеуметтік қолдауға 22 млрд теңге бөлмек
Ветеринария саласындағы мамандардың мәртебесін көтеріп, олардың заңды мүдделерін қорғау үшін елімізде Ветеринариялық палата құрылады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Депутат Нұржан Әшімбетов халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, саланың мәртебесін нығайтатын жаңа институт туралы айтты.
Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының ұсынымдарын ескере отырып, ветеринария саласындағы мемлекеттік орган ретінде Ветеринариялық палата нысанында статуарлық орган құру көзделеді, - деді ол.
Әлеуметтік жеңілдікке келер болсақ, ветеринарларға жыл сайынғы демалыс кезінде екі айлықақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы беріледі.
Республикалық бюджеттік комиссия мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетуге – 22 млрд теңге, арнайы киіммен қамтамасыз етуге – 1,8 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр, - деп түйіндеді депутат.







