Қазақстан кардиохирургия саласында әлемнің үздік 30 елінің қатарына енді
Қазақстанда жоғары технологиялық кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту жүйелі түрде жалғасуда,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Хирургиялық араласулардың басым бөлігін аортокоронарлық шунттау операциялары – 46,1%, жүректің жүре пайда болған кемістіктеріне жасалған операциялар – 22,7%, жүректің туа біткен кемістіктеріне жасалған операциялар – 13,1% құраған. Кардиохирургияның қарқынды дамуының нәтижесінде Қазақстан осы саладағы жетістіктері бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына енген. Елімізде жүрекке ашық операция жасау, эндоваскулярлық араласулар және жоғары технологиялық медициналық көмектің басқа да түрлері сәтті орындалуда. Қазіргі таңда отандық кардиологияда жоғары технологиялық медициналық көмектің 80-нен астам түрі көрсетілген.
Отандық медицинаның маңызды жетістіктерінің бірі – 2025 жылы жүректі трансплантаттаудың 100-ші операциясының сәтті жасалуы. Бұл қазақстандық мамандардың жоғары кәсіби даярлығын және трансплантология қызметінің дамуын айқын көрсетеді. Соңғы 5 жылдың ішінде оң үрдіс тұрақты сақталып келеді. Осы кезеңде қанайналым жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық 15%-ға, ал осы аурулардан болатын өлім-жітім 35,1%-ға төмендеген. 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша да сырқаттанушылықтың төмендеу үрдісі жалғасуда:
* қанайналым жүйесі аурулары – 6,6%-ға;
* артериялық гипертензия – 9,7%-ға;
* жүректің ишемиялық ауруы – 10,1%-ға;
* жедел миокард инфаркті – 5,7%-ға;
* мидың қан айналымының жедел бұзылыстары (инсульттер) – 6,1%-ға төмендеген.
Қол жеткізілген нәтижелер инсульттік және кардиологиялық орталықтар желісін дамыту, жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемін кеңейту, заманауи клиникалық хаттамаларды енгізу, жедел медициналық жәрдем қызметін жетілдіру, профилактикалық тексерулер ауқымын ұлғайту және жүрек-қантамыр ауруларына шалдыққан пациенттерді дәрілік қамтамасыз етудің қолжетімділігін арттырудың арқасында.







