Халықаралық рейспен келген: Елімізде "британдық" штамның 12 жағдайы анықталды

316
Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Ұлттық сараптама орталығының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша молекулярлық-генетикалық зерттеулер зертханасы толық геномдық секвенирлеу әдісімен коронавирустың оң нәтижесі бар 265 үлгісін зерттеді.

Коронавирустың генетикалық сипаттамасын анықтау үшін бұл сынамалардың еліміздің 14 өңірінен алынғаны белгілі болды. 

Нуклеотидтер тізбегін талдау нәтижесінде мамандар 12 вирустан "британдық" штамм белгілерін анықтаған. 
Орталық ұсынған ақпаратқа сәйкес, 12 штамның 8 жағдайы Шарм-эль-Шейх (Египет) және Дубай (Біріккен Араб Әмірліктері) халықаралық рейстері арқылы келген азаматтардан табылған.

Зерттеушілер бұл елдерде SARS-CoV-2 коронавирусының "британдық" және "оңтүстікафрикалық" штамдарының кеңінен таралғанын жеткізді.

Сонымен қатар "британдық" штамның генотипі бар 4 вирус Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Ақтөбе облысында табылды. Бұл вирус шетелден келген азаматтардан таралған болуы ықтимал. 
Сонымен қатар, Алексей Цой коронавирустың жаңа штамдары туралы сөз қозғады.
 Оның сөзінше, бүгінде COVID-19-дың штамын анықтауға арналған ПТР-тестің жаңа әдістемесі енгізілген. Сонымен қатар, қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы референс-зертханалары бар өңірдегі коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың сынамасын зерделеп шыққан. 
"Соның нәтижесінде коронавирустың "британдық", "оңтүстік африкалық" және "бразилиялық" штамдардың ықтимал мутациясы Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан басқа барлық өңірде анықталды", – деді Алексей Цой.