Елімізде аутизммен ауыратын балаларға арналған орталықтар ашылмақ

758
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов: аутизм мен психикалық ауытқулары бар балаларға арналған 8 күндізгі орталық ашылатынын айтты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

 «Біз күнкөріс деңгейі кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетеміз. Бүгінде осындай көмекті 95 мың отбасы алып отыр. 2020 жылы азаматтардың талап-тілектері ескеріле отырып атаулы көмекті тағайындау механизмі өзгертіліп, 25 табыс түрі мен әлеуметтік төлем алынып тасталды. Көмек алушыларды еңбекке ынталандыру тәсілдері енгізілді. Егер еңбекке қабілетті азаматтар ұсынылған жұмыстан бас тартса, атаулы көмек 6 айға тоқтатылады. Бұл атаулы әлеуметтік көмектің масылдыққа айналуын болдырмауға бағытталған. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмекті басқа жәрдемақылармен салыстыруға болмайды», - деді Ералы Тоғжанов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.


 Сондай-ақ, ол мұқтаж азаматтарға проактивті форматта көмек көрсету үшін мемлекеттік органдардың 20 цифрлық қосымшасын интеграциялау арқылы Отбасының цифрлық картасы әзірленетінін айтты.


 
«Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметімен қамтамасыз ету мақсатында 2021-2023 жылдары республикалық бюджет есебінен 12 оңалту орталығын салу жоспарланған, оның 5-еуінің құрылысы былтыр басталды. Сондай-ақ, «Қамқорлық» жобасы аясында аутизммен сырқат және басқа да психикалық ауытқулары бар балаларға арналған 8 күндізгі орталық ашу жоспарлануда. Осындай 17 орталық былтыр ашылып, қолданысқа берілді», - деді вице-Премьер. 

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарына инфлияцияны тежеу бағытындағы шаралар туралы мәлімет берді. Оның мәліметі бойынша, биыл зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеуге қосымша 111 млрд теңге бөлінеді.