Солтүстік Қазақстан облысында туберкулезге шалдыққандар саны артты. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда қатерлі ауруға шалдыққандар саны 35 пайызға көбейіп отыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап.
Осы жылдың 6 айында туберкулез бірінші рет анықталған 102 жағдай тіркелген. СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, жұқпамен негізінен ересек адамдар ауырады, балалар арасында жағдайлар аз.
«Ауруды ерте анықтау – сәтті емдеудің кепілі. Жоғары қауіп тобындағы адамдарды және міндетті контингентті флюорографиялық тексеру кезінде туберкулезбен ауыратын 61 науқас анықталды. Ауру көрсеткішінің өсуі Петропавл қаласында 2 есеге жуықтайды. Инфекцияның негізгі жұқтыру көзі – ауру адам. Туберкулез көбінесе ауа- тамшы жолымен таралады. Туберкулезбен ауыратын науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде қақырық пен сілекейдің ұсақ тамшылары ауаға түседі, оларда көптеген микобактериялар болады. Осылайша ластанған ауаны деммен жұту кезінде айналадағы адамдар жұқтырады», - дейді СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағындықова.
Мамандардың айтуынша қауіпті топқа жататын азаматтарды медициналық тексеру жұмыстары жалғасады.
«Туберкулез ауруына жағымсыз факторлар үлкен рөл атқарады – тұрғын үй жағдайлары, дұрыс тамақтанбау, стресс, ұйқының қанбауы, басқа аурулардың салдарынан ағзанын ауруға қарсы тұру қабілетінің төмендеуі, халықтың санитарлық мәдениетінің төмен болуы. Балалар ауруының профилактикасында туберкулезге қарсы вакцинациялау, жұқтырған балаларды туберкулин сынамалары әдісімен анықтау, оларды туберкулез ошақтарынан оқшаулау және сауықтыру өте маңызды. Туберкулез ауруының алдын алудың үшін денсаулықты шынығу әдістерімен нығайтып, иммунитетті төмендететін ауруларды емдеу керек», - деді Айнаш Сағындықова.