Тоқаев: Көптілділік – еліміздің дамуына серпін беретін фактор
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық жастардың қандай тілдерді білуі қажет екенін айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Российская газета» басылымында жарияланған «Мәңгілік достық — халықтарымызға жол сілтер темірқазық» атты мақаласында жазды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, көптілділік – заманауи әлемде табысқа жетудің басты кепілі.
Мемлекет басшысы еліміздегі тілдік және мәдени алуантүрлілікті ерекше артықшылық ретінде атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда түрлі этностар мен мәдениеттер өзара үйлесім тауып, бірін-бірі толықтырып келеді.
Президент орыс тіліне де ерекше көңіл бөлінетінін айтты, себебі ол елдің қоғамдық-саяси, ғылыми және рухани өмірінің ажырамас бөлігі болып саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің білім беру саласындағы әріптестігі қарқынды дамып келеді. Қазір елімізде тоғыз ресейлік жоғары оқу орнының филиалдары табысты жұмыс істеп отыр.
Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) филиалы ашылды, ал Омбы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдігі жұмысын бастады. Бұл — Ресей аумағындағы шетелдік жоғары оқу орнының алғашқы филиалы.
Сонымен қатар Алматы қаласында ресейлік «Сириус» мектебінің филиалын салу туралы маңызды шешім қабылданған. Президенттің айтуынша, мұндай бастамалар тек білім беру байланыстарын нығайтып қана қоймай, екі ел арасындағы сенім мен стратегиялық серіктестіктің берік көпірін орнатады.







