Партияларды тіркеу жұмысы едәуір жеңілдемек

534
Сенатор Мұрат Бақтиярұлы кешегі мемлекет басшысының халыққа жолдаған  жолдауына өз пікірін білдірді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

«Партия құруға ниетті белсенді азаматтар партияны тіркеуге мүмкін алады. Екіншіден, сайлауға қатысты заңға өзгертулер енгізіледі. Ал Президенттің құзыретіне тоқталсақ, Мемлекет басшысы өзінің өкілеттігінің біразынан бас тартты. Оның ішінде Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынды. Бұл үлкен мәселе деп білемін, көптеген мемлекеттерде бұл қадамдар ескерілген. Мемлекет басшысының партиядан тыс болуы партиялық алаңда бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді. Осыған дейін Президент партияның төрағасы болса, әкімдер жергілікті жерлердегі филиалдардың төрағасы. Саяси жүйеде монополизм орын алған еді. Енді кез келген партия бәсекелестік ортада жұмыс істей алады», - деді М. Бақтиярұлы тілшілер сауалына жауап бере отырып.

 Сонымен қатар сенатор, Жолдауда қамтылған пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылар мүддесінің ұлттық және өңірлік деңгейде көрініс табуына пікір білдірді. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады. 

Депутаттың пайымынша, бұл өз кезегінде жақсы үрдіс болады.

«Қоғамда Сенатқа байланысты түрлі пікір бар. Президент осы кезеңде Сенаттың қажет екенін, өзінің рөлін атқарып келе жатқанын атап өтті», - деді Мұрат Бақтиярұлы

Бұдан бұрын хабарланғандай, партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Мемлекет басшысы тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн болатынын айтты. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды.