Ел аумағында автожол саласын дамыту талқыланды

2 513

Коллаж:©️ Kazinform / Freepik / Gov.kzБүгін Үкімет отырысы өтеді. Онда Министрлер кабинетінің мүшелері автожол саласын дамыту мәселесін талқыға салады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kazinform ақпараттық сайтынан сілтеме жасап.

Отырыс аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылған. Іс-шара барысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев журналистердің сауалына жауап берген. Ал биыл республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 11 мың шақырымнан астамы жобалармен қамтылмақ. Бұл жаңа құрылыс жұмыстарын да, сондай-ақ қолданыстағы жол желісін реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын да қамтыған. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған стратегиялық инфрақұрылымдық бағыттарды белсенді іске асыру басталмақ. Олардың қатарында «Орталық – Батыс», «Қарағанды – Жезқазған», «Сарыағаш қаласын айналып өту жолы» және өңірлердің көлік байланысын нығайту мен елдің транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал ететін маңызды жобалар бар.

Автожол саласын цифрлық трансформациялау мәселесі де ерекше назарда болмақ. Елде республикалық және жергілікті маңызы бар жолдар жөніндегі деректерді бірыңғай цифрлық платформаға біріктіретін «Е-Жолдар» бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылып жатыр. Қазіргі уақытта «Жол паспорты», «Жол жөндеу» және «Қоғамдық бақылау» модульдері әзірленбек. «Жол паспорты» модулін жол желісі бойынша толық әрі өзекті ақпаратпен толтыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

2026 жылдың екінші жартысында «Талдау», «Жүргізушілерге арналған инфраорталық» және «Жағдаяттық орталық» модульдерін әзірлеу аяқталғаннан кейін жүйені пилоттық пайдалануға енгізу жоспарланып отыр. Ол цифрландыру үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, жолдардың жай-күйін жедел мониторингілеуге, атқарылған жұмыстардың сапасын бақылауға және елдің автожол инфрақұрылымын тиімді басқаруға мүмкіндік бермек.