Өтінішті 3 реттен артық жолдаған орган енді заңмен түсіндіруге міндетті
Қазақстанда мемлекеттік органдардың азаматтар өтінішіне формалды жауап беріп, шағымдарды бір мекемеден екіншісіне жолдауына тосқауыл қойылмақ. Енді өтініш үш реттен артық қайта бағытталса, ведомство мұның себебін заңға сүйеніп жазбаша түсіндіруге міндетті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа талап 2026 жылғы 8 қарашадан бастап күшіне енді. Егер азаматтың өтініші мемлекеттік органдар арасында үш реттен артық жолданса, ведомство мұндай шешімнің себебін заңнама нормаларына сүйене отырып негіздеуі керек. Сондай-ақ өтінішті қабылдайтын және жолдайтын екі органның да құзыретін көрсетуге тиіс.
Осы мәселе президент әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жетекшілігімен өткен жиында талқыланды. Басқосуға орталық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және сот органдарының, сондай-ақ әкімдіктердің өкілдері қатысты.
Өтініштерді талдау соңғы жылдары қазақстандықтардың мемлекеттік органдардың формалды жауаптары мен шағымдардың бірнеше рет қайта жолдануына жиі шағымданатынын көрсеткен.Жиында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті өтініштерді негізсіз қайта бағыттау жағдайлары мен статистикасын ұсынды. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте көзделген жауапкершілік ескертілді.
Бұдан бөлек, жиында "жасырын мемлекеттік қызметтер" мәселесі көтерілді. Бұл – азаматтардың бір мәселе бойынша жылдар бойы бірдей өтініш жолдап, орнына тек стандартты түсіндірмелер алатын жағдайлар. Мұндай мәселелерді шешу үшін мемлекеттік органдарға процестерді автоматтандырып, қызметтерді проактивті форматқа көшіру ұсынылды.
Сондай-ақ кейбір азаматтардың қайталанатын өтініштері де талқыланды. Күрделі әрі ұзақ уақыт шешілмей келе жатқан мәселелер бойынша жеке тәсіл қолдану ұсынылды.
Жиын қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің басшылығына азаматтардың өтініштеріне себеп болған мәселелерді талдап, оларды жүйелі түрде шешу тапсырылды. Ведомстволарға өтініштерді сапалы қарауды қамтамасыз етіп, шағымдарды негізсіз қайта жолдауға жол бермеу міндеттелді.
Қаз
Рус






