ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ КӨПБАЛАЛЫ АНА: ОБЛЫС ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БІЗДІ «ҚАЙЫРШЫҒА» ТЕҢЕДІ
Қызылордалық бір топ көпбалалы аналар жоқшылық пен қымбатшылық салдарынан облыстық әкімдіктің есігін жағалауға мәжбүрміз дейді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жаңа оқу жылы басталар алдында тұрмысы төмен отбасылар үшін үлкен алаңдаушылықтар туындайтыны белгілі. Үкіметтің бала басына беретін қаржысы мектеп оқушыларына арналған қажеттіліктерді өтеуге мүлдем жетпейді деп ашынады олар. Соның салдарынан Қызылорда қаласындағы бір топ көпбалалы аналар жергілікті биліктің есігін қағуға мәжбүр.
Кеше Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов пен құқық қорғау органдары басшыларының қоғамдық қабылдауы өткен болатын. Әкімдіктің алдына барса төбе көрсетпейтін ақ жағалы азаматтарымыз жергілікті тұрғындарды қабылдап, көкей тесті мәселелерін тыңдап, алдағы уақытта шешімін табуға уәде етті.
Ал Қызылордалық аналар әр оқушыға берілетін мемлекеттік әлеуметтік көмектің әлі күнге дейін берілмеуіне наразы. Олар оқу жылының басында балаларының мектепке дайындықсыз баруы мүмкін деп алаңдайды.
«Бізге мемлекеттік әлеуметтік көмек ретінде берілетін бір реттік төлем аударылмады. Ал, базар бағасы күн санап өсіп келеді. Аз қамтылған отбасы ретінде құжат өткізсек те бір балаға берілетін 40 567 теңге толық жабдықтауымызға жетпейді. Жиналған аналарға демеушілік арқылы көмек беруіңізді сұраймыз. Сосын қызметкерлеріңіз кішкене болса да анаға деген сыйластық білдірсе. Біз жетіскенімізден келген жоқпыз. «Осы 10-15 қатын шаршатты» деп үстімізден полиция қызметкерлерін шақырып, іс қозғатып жібереді. Біз көргенсіздік танытып жатқанымыз жоқ», - деп жеткізді көпбалалы ана облыс әкімінің орынбасарына.
Атқа мінер азаматтарымыз әкімдікке барған аналардың мәселесін оңтайлы шешудің амалын іздеуден бұрын құқық қорғау қызметкерлерін шақыртуды жөн санайды деген аналардың жанайқайын жасырып қалу мүмкін емес. Біреу тоңып секірсе, біреу тойып секірген заманда жығылғанға жұдырық көрсететін азаматтарымыздың бар екендігі қынжылтты. Бұл мәселелерді де жиналған аналар ашынып айтты.
«Құрметті Серік мырза! Мына қасыңыздағы көмекшілеріңіз әкімдік алдына барғанымызда бізге қоқан-лоқы көрсетіп, тіпті балаларымызды тартып аламыз, полиция шақырамын деп қорқытуды шығарды. Сонда біз мұң-мұқтажымызды кімге айтамыз? Тіпті облыс әкімдік қызметкерлері «қайыршы, бейшара» дейді. Біз бала үшін шырылдап жүрміз», - деді көпбалалы ана.
Әкімдік ғимаратына жиналған Қызылордалық аналар өз шағымдарын қақпа күзетшісінен басқа адамның тыңдамайтынына қапалы. Десек те, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов мемлекет тарапынан берілетін көмектің толық аударылатынын алға тартып, сала мамандарына сұрау салды. Ал жиналған аналар әдеттегідей әкім орынбасарының уәдесін арқалап, тарқасты. Берілген уәденің қаншалықты орындалатынын уақыт көрсетеді.